Енді отандастарымыз 80-нен астам елге визасыз бара алады. Бұл Қазақстанның халықаралық қарым-қатынаста ерекше орын алатынын әрі әлемге ашық елге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Ал мұнда әр елдің визасыз болу мерзімі әртүрлі. 14 күннен бір жылға дейін жүруге рұқсат беретін елдер бар.

Отандастарымыз енді Арменияға да визасыз саяхаттай алады. Қазақстан мен Армения азаматтары екі ел арасында 90 күнге дейін визасыз режимде тұрақтай алады. Бұл ретте қазақстандықтарда жеке куәлік, ал Армения азаматтарында сәйкестендіру картасы болса жеткілікті. Сондай-ақ азаматтар барған мемлекеттің құзыретті органдарында 30 күн ішінде тіркелуге де міндеттелмейді. Жақында Сенатта қос мемлекет арасында көші-қондағы ынтымақтастық туралы келісім мақұлданды. Ал жалпы жыл басынан бері Қазақстанға 12 мың Армения азаматы келген екен.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған заңдар Қазақстан мен Армения арасында көші-қон процестерін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Бұл ретте елдердің статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасуға келісті. Сонымен қатар келісім аясында сапарлар үшін қажетті құжаттар тізбесі кеңейтіліп отыр. Соған сәйкес қазақстандықтар Арменияға жеке куәлік арқылы бара алатын болады. Жалпы мақұлданған заңдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.

Елімізбен визасыз режим орнатқан елдер қатары жыл санап артқан. Бұл ел азаматтарының еркін саяхаттауына жол ашты. Айталық, визасыз жүруде әр елдің өз тәртібі бар. Мәселен, Гонконг пен Иранда 15 күнге дейін ғана жүре аласыз. Ал Албания, Армения, Гаити, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Намибия сияқты елдерде үш айға дейін еркін сапарлауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар биыл қазаннан бастап Еуропа одағы EES жаңа автоматтандырылған кіру-шығу жүйесін енгізеді. Бұл ереже одаққа кірмейтін барлық елдің саяхатшыларымен қатар, бізге де әсер етеді. Бұл Face ID жүйесіне ұқсас, тек шекарадан өтерде ғана жұмыс істейді. Демек шекарашы бұрынғыдай паспортыңыздан мөр басатын бос жер іздеп отырмайды, деректер бірден электрондық базаға тіркеледі. Жүйе іске қосылғаннан кейін Шенген аймағына алғаш рет кірерде сізден биометриялық деректер алынады. Яғни бет-жүзіңіз бен саусақ ізін сканерлейді.

15 күнге дейін визасыз саяхаттау рұқсат етілген елдер:

Гонконг, Иран.

30 күнге дейін баруға болатын елдер:

Қытай, Малайзия, Мальдивы, БАӘ, Тунис, Өзбекстан,Оңтүстік Корея, Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Филиппин, Эквадор, Доминикан Республикасы, Индонезия, Куба, Катар, Түркия.

60 күнге дейін визасыз баруға болатын елдер:

Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Таиланд.

90 күнге дейін визасыз жүруге болатын елдер:

Албания, Армения, Гаити, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Намибия.

Мамандар азаматтарымызға сапарға шықпас бұрын әр елдің көші-қон талаптарын нақтылап алу қажеттігін айтады. Себебі кей ел электрондық өтінім, қайтарым билеті немесе тіркелген қонақүй құжаттарын талап етуі мүмкін.

Авторы: Айнұр Қуатқызы