Қазақстандықтар «стоматологиялық қызмет аламыз» деген желеумен зейнетақы шотындағы 200 миллиард теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып, қалтаға басқан. Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған құжат жасап, осы бір қомақты қаржыны заңсыз шығару фактілерін анықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған агенттіктің төрағасы Жанат Элиманов айтқан еді.
Қазір ведомствоның күдігіне 50-ден астам азамат ілігіп отыр. Олардың арасында стоматологиялық клиника басшылары мен алаяқтық схеманы жүзеге асырған делдалдар бар. Қазір күдіктілердің шоты бұғатталып, елден шығуға тыйым салынды.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Былтырдан бері біз стоматологтар қауымдастығымен келіссөз жүргіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен де байланыста болдық. Біз бірқатар ұсыныс айттық, алайда олар орындалған жоқ. Портал арқылы өткен қаражаттың 35 пайызы 20 тіс емдеу клиникасына түсіп отырған. Міне, біздің күдікке ілінгендер осылар болды. Олардың лицензиясы жыл соңында ғана алынған. 6 айда ол сондай абырой жинап, 20 млрд теңгеге қызмет көрсетуі күмән тудырды. Олар айына 2,5 млрд теңгеге қызмет көрсетуі үшін жабдық пен стоматолог дәрілерлердің саны айтарлықтай болуы керек. Ал түскен салық көлемі оны ақтамады.