Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында кеше кешкі сағат 21:30-да қарулы қақтығыс болып, 4 адам ауруханаға түсті .

Қазір 19, 22, 26 және 28 жастағы ауыл тұрғындары аудандық ауруханада жатыр. Оларға операция жасалды. Ал 28 жастағы науқастың жағдайы ауыр. Резеңке оқ оның басына, кеуде қуысы мен білегіне тиіп жамбас тұсының бірнеше жерін тесіп өткен. Қазір қылмыстық іс қозғалып, 26 және 28 жастағы 2 күдіктіге іздеу жарияланды. Оқ жаудырған алматылық күдіктілер оқиға орнынан екі “Лэнд крузер” көлігімен қашып кеткен.

Құндыз Бөгенбаева, облыстық ПД аға жедел уәкілі:

- Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі 99-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке бастары анықталды. Оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.