Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева әлі де Президент істері басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде (Совминка) ем қабылдап жатыр. Бұл туралы 2025 жылдың 14 шілдесінде Informburo.kz-тің ресми сауалына мекеме әкімшілігі жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сәуір айында бұрынғы бірінші ханымның қайтыс болғаны туралы желіде ақпарат тараған соң, оның емделіп жатқаны жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлаған еді.

«Пациент емдеу курсынан өтіп жатыр. Барлық шаралар бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізілуде және білікті мамандардың бақылауында», – делінген ресми жауапта.

Клиника Назарбаеваның диагнозы мен жағдайын жария етпеді, себебі бұл дәрігерлік құпияға жатады. Мекеме науқастың келісімінсіз мұндай деректерге қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті.

«Медициналық этика мен кәсіби жауапкершілік қағидаттарына сәйкес, медициналық ұйымдар жеке медициналық деректерді қатаң құпияда сақтау міндетін орындайды. Ақпаратты жарияламау туралы шешім пациенттің заңды құқықтарын, жеке өмірін құрметтеу және емдеу процесіне сырттан араласудан қорғау мақсатында қабылданды», – деді госпиталь өкілдері.

Айта кетейік, Сара Назарбаева биыл ақпанда 84 жас толды.