СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты жағдайға пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл іс бойынша одан әрі жұмыс Бас прокуратураның құзырында.

"Біз қажет нәрсенің бәрін жасадық. Бұдан әрі Бас прокуратура желісі бойынша ақпарат алмасамыз", – деді ол.

Журналистер Қазақстан елшілігінің өкілдері Тұрлыбаймен кездескен-кездеспегенін де нақтылады.

"Шетелдегі түрмеде отырған азаматтарымызға бару — консулдың жыл сайынғы міндеті. Сондықтан бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр", — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, сәуірде Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға экстрадицияланатыны туралы ақпараттар тараған еді. Алайда бұл мәліметті Бас прокуратура растаған жоқ.

Еске салайық, 2015 жылы маусымда Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізді деп айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын.

2021 жылы Қытай Қазақстан азаматын экстрадициялаудан бас тартқан.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget