Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2026 жылғы 20 мамырда Үкімет кулуарында Қазақстандағы мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты шешімге пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Депутаттың айтуынша, бұл шешімді қабылдауға қатысты "жақтаушылар да, қарсы пікірлер де" бар.

"Мен ата-аналардың да, түлектердің де эмоциясын түсінемін. Барлығымыз 11 жыл оқуды аяқтағандағы қуанышты сәттерді бастан өткердік. Әркім әдемі, салтанатты бітіру кешін қалайды. Бірақ екінші жағынан, Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің шешімінің екі негізгі себебі бар: біріншісі – әлеуметтік әділеттілік, екіншісі – қауіпсіздік", – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, кейбір ата-аналардан мұндай салтанатты шараларды өткізбеу туралы өтініштер де түсіп жатыр.

"Олар бұл шығындарды көтере алмайтынын айтады. Кейде мұндай кештерге кететін ақша өте үлкен сомаларға ұласады – 1 млн, 500 мың, 300 мың теңге. Сол себепті кей ата-аналар балаларының қысым көріп, қиналатынын айтады", – деді ол.

Сонымен қатар Аймағамбетов мектеп бітіру мерекелері мүлде жойылмайтынын атап өтті.

"Мектептегі соңғы қоңырау, соңғы вальс сияқты шаралар қалады. Яғни қоштасу, эмоция, әсерлі сәттер бәрі сақталады", – деді депутат.

Бұған дейін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафе мен банкет залдарында өткізуге тыйым салынғанын еске салған болатын.