Алматы қаласында бірқатар көшелерде біржақты қозғалыс енгізу және көлік қозғалысы сызбасын өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.


Жоспарланған өзгерістер ірі бюджет шығындарынсыз жүзеге асырылады. Негізінен жаңа жол белгілері мен жол таңбаларын енгізу және қозғалысты ұйымдастыруды оңтайландыру арқылы іске аспақ.

Бұл туралы 2026 жылғы 20 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өзгерістер "Тастақ" базары маңын қамтиды. Атап айтқанда, Брусиловский, Тұркебаев, Қарасай батыр, Құлыпбеков және Прокофьев көшелері, сондай-ақ Әуезов – Байзақов, Жуков – Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелері қарастырылып отыр.

Сонымен қатар мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мынбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде де біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

"Жаңа көлік қозғалысын ұйымдастыру сызбалары көшелердің өткізу қабілетін 20–25%-ға дейін арттыруға, жол-көлік оқиғалары санын 35%-ға дейін азайтуға және қаланың негізгі көлік тораптарындағы жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Ержан Диханбаев.

Сондай-ақ ол қоғамдық көліктерге арналған жаңа бөлінген жолақтар енгізу жоспарланып отырғанын да атап өтті.