Тараздағы Шөлдала тұрғын алқабында тұратын бұқара ағыны қатты арна маңынан өтетін оқушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды.
Өйткені балалар суы сарылдаған канал бойымен сабаққа баруға мәжбүр. Сондықтан су жағасындағы жолсыздың бойына тротуар төсеп, арнаның жиегін қоршауды сұрайды, деп жазады qazaqstan.tv.
Осылай өрекпіп аққан өткелдің суы шаһар шетін шиырлай кесіп, ары қарай алыстағы алқаптарға барады. Таудан құлаған суға дихандар дән риза. Алайда асау ағыс қаланың бүйрек тұсындағы бүтін бір алқап тұрғындарын алаңдатып отыр.
"Бескемпір" каналының жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады. Қасында 700-ден аса оқушы оқитын №70 білім ұясы бар. Бұқара мектеп маңынан өтетін тұсын қоршап берсе дейді. Кейбір ата-ана балаларын күн сайын көпірден өткізіп, қайтарда күтіп алады. Желді күні тіпті қиын. Сондықтан мұғалімдер де кезекшілікке шығып шаршаған.
Қала билігі былтыр мектепке апаратын жалғыз аяқ жолға тротуар төсеу бойынша жоба жасаған. Қаржы қарастырылса күн құрғатпай кірісеміз дейді. Ал канал бойына қоршау қою үшін "Қазсушарға" хат жазған.
"Қазсушар мекемесі" жазбаша жауабында өткен жылы қоршау қою туралы хат жолданғанын растады. Осылайша әулиеаталық шенділер Есілдің сол жағалауына елеңдеп отыр. Қаржыдан хабар болмай, каналдың қашан қоршалатыны белгісіз дейді. Айта кетейік, аймақта ауылдар маңынан өтетін 9 су арнасы қоршауды қажет етеді. Былтыр барлық канал бойынша жоба жасалғанымен, құрылысқа қажетті 500 млн теңгеден астам қаржының әлі бөлінетін түрі жоқ.