Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында көлік жаяу жүргіншілерді қағып кетті.
Премьер-лигада чемпион атанған "Ливерпуль" клубының құрметіне ұйымдастырылған шеруден кейін, Ford маркалы автокөлік адамдар тобының арасына кіріп кеткен.
Барлығы 47 адам зардап шегіп, олардың 27-сі ауруханаға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Қалғандарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген. Оқыс жағдай "Ливерпуль" футбол клубының жеңісін тойлау кезінде болған. Жанкүйерлер тарқай бастағанда "Форд" автомобилі бір топ адамды қағып өтеді. Көлік жүргізушісі сол жерде ұсталды. Ол — Ливерпульде тұратын 53 жастағы британиялық азамат.
Полиция оның мұндай әрекетке неліктен барғанын анықтап жатыр.
BBC мәліметінше, оқиға лаңкестік әрекет ретінде қарастырылып жатқан жоқ.