2050 жылға қарай Көкшетаудың аумағы 7 мың гектарға ұлғаяды .

Ал халық саны 500 мыңға жетеді. Мамандар қаланың болашағын осылай болжап отыр. Мемлекет басшысы сапары аясында шаһардың межелі уақытқа дейінгі Бас жоспарымен танысты. Қазір жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді аурухана, азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешені салынып жатыр. Бұдан бөлек, алпысқа жуық өнеркәсіп кәсіпорнына есептелген индустриялық аймақтың негізі қалануда. Келешекте Қопа көлінің жағасында заманауи іскерлік орталық бой көтереді. Онда тұрғын үй, бизнес және сауда орталықтары орналасады. Ерекше жаңалықтың бірі — жаңа стадион. Президентке нысанның жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мың адамға шақталған стадионның сыйымдылығын екі есе арттыру туралы тапсырма берді.

Апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға көшті

Қаладағы реновация бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл жоба арқылы ескі үйлер сүріліп, оның тұрғындарына жаңа, жайлы баспана беріледі. Қазіргі уақытта 365 отбасы жаңа үйге қоныстанды. 2029 жылға дейін 175 ескі үйді бұзу жоспарланып отыр. Оның орнына 3500 пәтерге есептелген 35 заманауи тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 11 мыңға жуық адам жаңа қонысқа көшеді. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді аралап көріп, реновация бағдарламасы аясында жаңа қонысқа көшіп келген отбасылардың бірімен әңгімелесті.

Диляра Шахманова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Бұған дейінгі баспанамыздың жағдайы нашар еді. Жанымызды шүберекке түйіп өмір сүрдік. Сырттан су тасып, пеш жағатынбыз. Әжетхана далада болды. Алайда реновация бағдарламасының арқасында жаңа үйге көшіп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Мұнда жағдай әлдеқайда жақсы.