Аптап ыстық егін алқабына ғана емес, орман алабына да қауіп төндіреді.
Жаз басталғалы орман өрті өршіп тұр. Жыл басынан бері елде 400-ге жуық тілсіз жаудың ошағы тіркеліпті. Әсіресе, шілденің шіліңгір ыстығында қауіп күшейе түсті дейді төтеншеліктер. Қызыл жалынның алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр? Қай өңірлерде жағдай ушығып тұр.
Биылғы жаз төтеншеліктер үшін мазасыз маусым болып басталды. Дала, орман өрттері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көбейген. Оған себеп те жоқ емес. Құрғақшылық, аптап ыстық қауіпті одан әрі күшейткен. Жыл басталған 7 айда 400-ге жуық өрт тіркелді. Оның 300-і найзағай салдарынан, деді маман.
Ринат Нұрғазин, ҚР ЭТРМ мемлекеттік бақылау, орманды қорғау және сақтау басқармасының бас сарапшысы:
- Адами фактор жоқ дей алмаймыз, бар. Бірақ ең көбі 300-і найзағай себебінен болған екен. Және биыл қатты құрғақ болған соң найзағай түскен соң лезде тұтанады. Осы орман өрттері салдарынан 43 мың мемлекеттік орман қорының жері жанып кетті. Оның ішінде орманмен көмкерілген жері 8000.
Ертіс орманы, Бурабай, Көкшетау және Алматы ұлттық паркі аумағында биіктігі 30 метрлік антенналар орнатылыпты. Жаңа жүйе тілсіз жауды ерте анықтап, келер қатер туралы мәлімет береді. Заманауи құрылғының арқасында Баянауыл, Қарқаралы, Жасыл аймақ сынды өртке бейім 23 орман шаруашылығы анықталған. Министрлік бұл жұмыстарды әлі де жетілдіре түсеміз деп отыр.
Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
- ТЖМ өрттің алдын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Өртті ерте анықтауда орман және табиғат ақпараттық жүйелері бейнебақылау деректері және геоақпараттық жүйе арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Мамандар соңғы екі апта елде өрт қаупі күшейгенін айтып дабыл қағады. Қатерден сақтау үшін орманды, нулы аймақтарда туристерге уақытша шектеу қойылды. Катон-Қарағайда жүріп тұруға тыйым салынды. Ұлттық парк әкімшілігі аумақта өрт қауіпі жоғары деп хабарлады. Шығыстың тұмса табиғатын қызықтап келушілер көп. Қазіргі таңда шектеудің нақты қашан алынатыны белгісіз. Бұл ауа райына қарай шешілмек.
Кәмшат Мұхамеджан, Бағдат Қайыркен