2024 жылы 26 маусымда Атырауда 7 жасар балаға ескерткіш құлап, көз жұмғаны хабарланды. Бүгін қыз баланың өліміне қатысты сот аяқталғаны айтылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Қалалық №2 соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы құрылыс нормаларын бұзып, адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Іс материалдарынан әкімдік Ұлы Отан соғысы батырларына арналған 14 мүсінді орнату үшін демеушілер мен мердігер тартқаны белгілі болды. Алайда мердігер құрылыс кезінде ауыр техникалық қателіктерге жол берген. Соның салдарынан мүсіндердің бірі балаларымен серуендеп жүрген отбасының үстіне құлаған. Бір бала қаза тауып, әкесі мен екінші бала жарақат алған.
"ҚР ҚК 279-бабының 1-бөлігіне (Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы нормативтердi бұзу, адам өліміне әкеп соққан) сәйкес, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауабымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындысымен дәлелденді", — делінген соттың баспасөз хабарламасында.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Прокурор оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Зардап шеккен тарап қатаң жаза талап еткен. Сот, ақырында, айыпталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін, ауырлататын мән-жайлардың жоғын және бұл жағдайдың кездейсоқ болғанын ескеріп, оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған 3 жылға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот үкімімен айыпталушыдан қайтыс болған қыздың отбасына моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндірілді. Сондай-ақ, қыздың әкесі мен бауырының ем-дом шығындары да өтелетін болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!