Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өтіп жатқан АӨСШК VII саммитінде сөйлеген сөзінде Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдірді. Ол Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін атап өтті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
– Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стратегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтты.
– Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды. Бұл елдеріміздің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Мақаланы бағалаңыз 👇
Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан



