Павлодарлықтар ерекше оқиғаның куәсі болды. Орталық жағалауда тәртіп сақшылары өздерінің төрт аяқты әріптесі – «Блонди» атты иісшіл итті туған күнімен құттықтады.
Лабрадор тұқымды қызметтік ит – кинологиялық бөлімшенің мақтанышы. Блонди түрлі күрделі операцияларға қатысып, заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қоюда қырағылық танытып келеді. Оның көмегімен бірнеше қылмыстық іс ашылып, күдіктілер жауапқа тартылған. Бес жасқа толған иісшіл ит иесінің бұйрығын бұлжытпай орындайды. Ол көптеген кинологиялық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Туған күніне орай әріптестері оған сүйектен жасалған арнайы торт сыйлап, ерекше құрмет көрсетті. Полиция қызметкерлері: «Блонди – біз үшін әріптес қана емес, нағыз сенімді дос», – дейді.
Ирина Темірғалиева, Павлодар облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы:
- Блонди есірткі заттарын іздеу бойынша кәсіптенген ит. Жыл басынан бері тек Блондидің қатысуымен 57 келі синтетикалық есірткі тәркіленді және 40 шақты қылмыстық іс ашылды. Олар тыйым салынған заттарды сақтау және таратуға байланысты.
Әділ Әубәкіров, кинолог-инспектор:
- Қызметтік иттер ішкі істер органдарында 10 жылға дейін жұмыс істейді. Блонди бәрін түсінеді және тапсырманы жылдам орындайды. Бұл менің қызмет барысындағы ең сенімді көмекшім.