Биыл елде 12 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың қатарында 600-ге жуық көппәтерлі, 11 мыңнан астам жеке үй және 16 жатақхана бар. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
Құрылысы аяқталған тұрғын үйдің жалпы алаңы былтырғы кезеңнің сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,7% өсіп, 6,02 миллион шаршы метрді құраған. Салынған үйлердің көлемі бойынша Астана, Алматы қалалары және Алматы облысы көш бастап тұр. Ең көп өсім Түркістан облысында, Шымкентте және Алматы облысында байқалды. Тұрғын үйдің басым бөлігін жеке құрылыс мекемелері салған. Жалпы құрылыс жұмыстарының ауқымы бес айда 15,4% өсіп, 2 001 млрд теңгені құрады. Өсім 18 өңірде тіркелді.