0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Алматы қаласында жыл бойы жұмыс істейтін туристік кластер іске қосылмақ. Ол 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы ең ірі жобаға айналмақ. Туристік нысан тәулігіне 34 мың адамға дейін қабылдай алады. 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді. Сонымен қатар халықаралық сарапшылар, жауапты органдардың өкілдері, қоғам белсенділерінің қатысуымен кеңес өткізді. Жиында саланы одан әрі дамыту мәселесі қаралды.
Алматы тау кластерін дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленді. Түргеннен Қаскелеңге дейін шығыс, орталық және батыс аймақтарға басымдық беріледі. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және халыққа қолжетімді тау шаңғысы трассаларын салу көзделген.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
Бұл жоба аймақтың дамуына жаңа мүмкіндік береді. Тау инфрақұрылымы жақсарады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, көрсетілетін қызмет сапасы артады.
Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік жобаға айналады деп жоспарлануда. Стратегиялық мақсаты – бірегей туристік бренд қалыптастыру.
Томас Тор Йенсен, Almaty superski жобасының жетекшісі:
Біз табиғат пен экологияны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан қазу жұмыстарын барынша азайтамыз, көтергіштер мен трассалар салу кезінде экожүйені бұзбай, табиғи ландшафтты сақтаймыз. Тау шаңғысы курорты баршаға қолжетімді болуы керек. Барлық көтергіштер барлық санаттағы адамдар пайдалана алатындай етіп жасалады.
Тау класстері жобасын қоғам белсенділері де қолдап отыр. Евгений Мұхамеджанов экологиялық аспектілерді ескеру қажеттігіне тоқталды. Барлық процестің ашықтығын, табиғатты қорғау нормаларының сақталуын және жұртшылықпен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды.
Евгений Мұхамеджанов, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Алматы туристерді ең көп жинайтын аймақ. Оны ары қарай дамыту керек. Экологиялық талаптарды сақтау маңызды. Бірінші кезекте барлығы адамдарға қолайлы етіп жасалуы қажет.
Бүгінгі күні туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 4 пайызын құрайды, 83 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. 2024 жылы қала 2,3 млн-нан аса туристі қабылдады, оның төрттен бірі – шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқалады: қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет инфрақұрылымды салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді.Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген. Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді.
Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында да тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарлануда.
Эльмира Кәленова