Табиғаты тамылжыған көрікті Көкше өңіріндегі өзекті мәселенің бірі – заңсыз қоқыс үйінділері. Бір қарағанда таптаурынға айналған тақырып болғанымен, өзегі жарылып, өңі түзелмей тұрған соң, тағы бір айналып соғуға мәжбүрміз.

Қыс бойы ақ қар тұмшала­ған келеңсіз көрініс көк­тем шыққалы жарияға шықты. Әншейінде саф ауасын айтып, табиғи сұлулығын жырлап, кеуде қаққанымызбен, көз алдыңды кіреукелейтін келең­сіздік кілкіп тұр. Мәселенің мәні­сін сәл ғана таратып айтайық.

Өңірде қатты тұрмыстық қал­дықтар төгілетін 130 жер учаскесі рәсімделгенімен, оның 25-інде ғана рұқсат етілген құжаттары бар болып шықты. Егер Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада 617 елді мекен бар екенін ескерсеңіз, заңды қоқыс полигондары небәрі 19,2% шамасында ғана. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік.

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлт­тық компаниясының жүргіз­ген мониторингінің мәліметін тал­дап, ақыл таразысына сал­саңыз, има­нымыз қасым болады. 2023 жылы өңірде 739 рұқ­сат етілмеген қоқыс үйіндісі анықтал­ған. Әр ауыл­дың іргесінде бір-бірден, кейбі­реуінде екеуден. Мәселе осы күйінде қала берсе, экологиялық жағдай­дың ушы­ғары сөзсіз. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ыстығында бар қоқыс шіріп, сасып, төңіректі тегіс былғайтыны даусыз. Бір жақсысы, 631-і жойылыпты. Мәлі­мет бойынша солай. Тек об­лыс орталығының өзінде ға­рыш­тан түсірілген суреттердің негі­зін­де 96 қоқыс үйіндісі анық­талған. Жанашыр көзі көп қала маңындағы ахуал осындай болған­да, ит арқасы қияндағы ауылдағы жағдай айтпаса да түсінікті.

Бестөбе кентінде алты мыңға жуық адам түтін түтетіп отыр. Бес­тө­бенің бағы қайтқалы қашан? Жұмыс­сыздық жайлаған елді мекен­дегі экологиялық жағдай тіпті қиындай түскен. Кен орны­нан шығарылған қоқыс тау-теңіз. Ол аз болғандай, малдың қо­ры­мы мен қоқыс полигоны мүл­де жоқ. Былтырғы жұтта, биылғы көктемгі қызыл су жүрген кезде қыруар мал қырылды. Өлекселері әр төбенің астында жатыр. Ауылдың төрт құбыласын тегіс қобарсыған қоқыс басты деуге болады. Жылжи-жылжи елдің іргесіне де жетіпті. Заңдас­тырылған мал қорымы болмаған­дықтан, малсақ қауым арам өл­ген малдарын далаға тастап кетуге мәж­бүр. Бұл мәселе бүгін ғана туын­дап отырған жоқ, әлде­не­ше жыл бойы осылай. Жергі­лікті тұрғындар жыл сайын әкімдердің есепті кездесулерінде жан алқымдарынан алған жайсыз мәселені көтеріп-ақ жүр. Бірақ естір құлақ жоқ. Естір құлақ болғанымен, халықтың жанайқайын түсініп, бір шешімге келер емес. Бар болғаны құрғақ уәде.

– Осы мәселе туралы талай есік­ті қақтым. Әйтсе де еш нәтиже жоқ, – дейді Бектөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. – Біреулер өлексені ор қазып көміп тастауға болады дейді. Бірақ бұл әрекет өрескел заң бұзушылық болып есептеледі. Әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ең басты себеп, заңдастырылған қоқыс полигонының болмауы. Қараусыз мал кенттің ішінде де толып жүреді. Қоқыс контейнерлерін сүзіп құлатып, шашып-төгіп кетеді. Бағымдағы мал иесіз болғаннан кейін кент ішін көгалдандыру да мүмкін болмай отыр. Шөп ексең жеп, гүл ексең басып құртады. Облыстық экология департаментінің басшыларына, малсақ қауымға, құзырлы органдарға шағым түсіргенімізбен еш нәтиже жоқ.

Кент әкімшілігі болса мал өлекселері заңдастырылмаған мал қорымына тасталатынын айтып отыр. Биотермиялық шұңқыр. Кейін Степногор қаласының ветеринария стансасы өкілдерімен бірлесіп өлекселерді өрттеп жібереді екен. Қолдан келетін бар амал – заңсыз қоқыс полигонының айналасын топырақпен көтеріп, көзден көлегейлеу.

Облыстық ветеринария басқар­масының мәлімдеуіне қарағанда, мал қорымының жобалық-смета­лық құжаты әзірленіп жатыр. Жал­пы құны 58,270 миллион теңге болатын жобаның құжаттары дайындалған. Бюджеттік өтінім эко­номика және бюджеттік жос­парлау басқармасына жолданған. Бестөбе кентіндегі малдың өлексе­лері бойынша ветеринарлық қызмет жергілікті ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып 20 бас қара малды, 10 бас қой-ешкіні, 16 бас жылқыны көмген көрінеді.

– Бұл мәселені білеміз. Тиісті органдарға хат жолданды. Қоқыс полигондары мен абаттандыру жұмысы жергілікті атқарушы органдардың еншісіндегі дүние. Экологиялық Кодекстің 365-бабы бойынша толықтай құзыреттілік жергілікті атқарушы органдарға берілген, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Мағзұм Күкімбаев.

Мәселе шешілгенше өңірдегі қаншама жұрт өлексенің қолқаңды қабатын күлімсі исін жұтып күн көретін болып тұр. Бұралқы ит жеп, маса-шыбын жұқпалы ауру таратпасын деңіз.

Ақмола облысы