Елде ағза трансплантациялау жүйесі жетілдіріледі, деп хабарлайды 24KZ. Туыстар арасындағы донорлыққа рұқсат алу процесін жеңілдету көзделіп отыр. Транспланттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталық барлық өңірде филиалы бар Ұлттық орталыққа айналады. Ал қазір қанша науқас ағза алмастыруға мұқтаж? Мәйіттік донорлыққа қанша адам ерікті түрде келісім берді?
Шымкентте әкесі баласына бір бүйрегін беруге келісті. Иә, бұл жақын туыстар арасындағы донорлық. Науқас жігіт осы күнге дейін гемодиализге тәуелді боп келді. Енді жағдайы оңалады деген үміт бар.
Лесбек Бейтанов, донор:
- Анализдер бәрі дұрыс шықты. Тексерудің бәрінен өттік. Дұрыс сәйкес келгеннен кейін ризашылығымды бердім. Баламның өміріне алаңдадым. Жас, әлі бойдақ. Өмірін беріп, жақсы болып кетуіне үлес қосқым келеді.
Ақтауда алғаш рет мәйіттік донор ер адамның өмірін сақтап қалды. Бұл жолы жүрек трансплантациясы жасалды. Марқұмның туыстары ағзаны донорлыққа алуға келісім берген.
Индира Аманқосқызы, Республикалық трансплантология орталығының үйлестірушісі:
- Бұл ретте медициналық көрсетілімдер бойынша тек жүрегін алуға мүмкіндік болды. Келісім берілгенінің арқасында осындай ота жүргізілді. Науқастың туыстарына біздің алғысымыз шексіз.
Бірақ қажетті донор табу елдегі науқастардың бәріне бірдей бұйырмай тұр. Қазір елде 4,5 мыңнан астам адам ағза алмастыру операциясына мұқтаж. Ең көбі бүйрек трансплантациясын күтіп жүр. Сосын бауыр, жүрек, өкпеге зәру науқастар кезек күтіп отыр. Қажетті донор табылмай тұрғандардың ішінде 108 бала бар.
Жыл сайын донорға мұқтаж 300 науқас көз жұмады
Назгүл Жылгелдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:
- Жыл сайын күту парағындағы 200-300 реципиент қажет орган табылмай қайтыс болады. Тізімде бүйрекке мұқтаж жандар көп. Диализ аппараттарының көмегімен ол науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік болғанымен, жүрек, бауыр, өкпе секілді ағзаға қажет медициналық құрылғы жоқ.
«Донор табылса, жыл сайын жүздеген науқастың өмірін сақтап қалар едік», – дейді дәрігер. Трансплантологтар науқасқа қажет ағза табылса, тәулік бойы кірпік қақпайды. Күрделі операцияда әр минут маңызды.
Назгүл Жылгелдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:
- Жүрек пен өкпені 5-6 сағат ұстай аламыз. Бауыр 6 сағат. Бүйрек 10-12 сағат. Соның арасында трансплант бригадалар Астана не Алматыдан ұшып, донорлық стационарға барып, 4-5 сағат ота жасап, сол ағзамен қайтып келіп, реципиентке операция жасау керек. Ол кезде біз күндіз-түні ұйықтамаймыз, медициналық авиация диспетчерлері, трансплант бригадалар әр сағатын минутын есептеп, тез жеткізуге тырысамыз.
Қазақстанда туыстық немесе мәйіттік донор алмастыру әдісі қолданылады. Алдағы уақытта екі тәсілді де жетілдіру көзделіп отыр. Себебі қазір бұл процесте қиындықтар кездеседі. Мысалы, туыстығын дәлелдеу үшін талап етілетін генетикалық сараптаманың өзі көп уақыт алады. ДНҚ-тест ақылы бола тұра, елде санаулы клиникада ғана жасалады. Енді жақындар бір-біріне донор болатын кезде басы артық құжаттамасыз, туыстығын ғана дәлелдейді.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Генетикалық тексерудің орнына туыстық тексеруді енгізу жоспарланып отыр. Ол сәйкесінше этикалық комиссиядан өтіп барып, содан кейін донорлыққа алуға бола ма, болмай ма деген шешімді тездетуге бағытталған шешім болып табылады.
2012 жылдан бері Қазақстанда 3200-ден астам ағза трансплантациясы жасалды. Жыл сайын 250-ден астам науқас бүйрек, бауыр және жүрек ауыстыру операциясын бастан өткеріп, оңалып шығады. Алайда мәйіттік донорлық тым баяу дамып жатыр. Бүгінде 10 мыңнан аса адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға ерікті түрде келісімін берген.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Қанат Махмұтов