Қытайда сәулеті ғаламдық стандарттарға сай келмейтін алып шаһар бар. Мұнда көпқабатты үйлер жартасқа салынған, деп хабарлайды 24kz.

Сол биік-биік үйлердің ішімен пойыздар жүреді. Ал көшелерінің басым бөлігі баспалдақтан жасалған.

Шаһардың кей бөлігіне көлік қатынамайды. Ал тұрғындары тек жаяу жүреді. Бұл қаланы жұрт көпірлер патшалығы деп те атайды. Өткелдің көптігі соншалық, GPS навигатор шатасады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Чунцин бұл – көпірлер қаласы. Шаһарда 13 мыңнан астам өткел мен жолайрық бар. Кейбірінің биіктігі 35 қабатты тұрғын үймен бірдей. Көліктер әуеде жүргендей әсер қалдырады. Ал, дронмен төбеден қарасаң ирелеңдеген аждаһа тәрізді. Инфрақұрылым кереметін көру үшін қаланың биік жеріне шығу керек. Ал оған тек қана жаяу жетуге болады.

Бұл қалада жаяу жүру өте қиын. Себебі қаланың 70%-і таулы аймақта орналасқан. Бұл жерде велосипедті мінбейді. Тек жаяу жүреді. Өздері әбден машықтанып кеткен ғой. Қазір келе жатқанымызға 15 минут болды. Әлі бар. Төбесіне әлі жете алмай келеміз.

Чунцинді «баспалдақтар қаласы» деп те атайды. Неге екенін жүргенде бір-ақ түсіндік. Көшелері көше емес, сынақ алаңы. Жергілікті әкімшіліктің мәліметіне сәйкес тек қала орталығының өзінде 10 мыңнан астам баспалдақ бар. Олардың ең қысқасы 500 метрден кем емес.

Лэй Чжунь, саяхатшы:

- Саяхаттап келдім. Бізді қонаққа шақырып еді. Әлі жете алмай келеміз. Арасында демалып алдық. Бірден шығу мүмкін емес.

Син Тао, қала тұрғыны:

- Бұл үйімізге кіріп-шығатын жалғыз жол. Ешқандай көлік түрі жүре алмайды. Қоғамдық көліктер төменде. Аялдамаға дейін кемінде 20 минут жүру керек.

Ван Чуан Дзюн, қала тұрғыны:

- Мен осы жерде 30 жылдан астам уақыт тұрамын. Үйреніп кеткенбіз. Түк те қиын емес. Қайта денсаулыққа пайдалы.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл баспалдақтар қаланың туризм брендіне айналған. Мұнда ондаған ғасыр бұрын қаланған тастар сақталған. Оны көруге әлем саяхатшылары ағылады. Жылда 600 миллионнан астам турист келеді. Ал біз бұл жерден әрең өттік. Қазір мен сіздерге дүниежүзіндегі ең күрделі жолайрықты көрсетемін. Жеті қабатты көпір жол бір-бірінің үстіне орналасқан кәдімгі лабиринт. Күрделілігі соншалық, бұл жерде навигатордың өзі шатасады. Жергілікті жұрт әжуалап навигаторды жылататын жолайрық деп те атайды.

«Хуанцзювань» жолайырығы күрделі құрылымына сай «құбыжық көпір» саналады. Бірнеше деңгейлі жол 8 бағытқа тарайды. Оның құрылысына 12 жыл уақыт кеткен. Егер мұнда дұрыс жолға бұрылмасаңыз, бүкіл қаланы аралап шығуға тура келеді. Бір күніңіз жол іздеумен өтеді. Ал түнде бұл көпірлер ұйықтап жатқан Айдаһар сияқты көрінеді. Апта сайын төбесінде 5 мың дрон ұшырылып, жарықтан шоу жасалады. Осы арқылы туризм нысанына айналдырып отыр.

Цзю Тао, саяхатшы:

- Чунцин – ерекше әсер қалдыратын қала. Осы дрондар шоуын көруге арнайы келдім. Өте әсерлі естен шықпас көрініс.

Қазақстан мен Чунцин арасында сауда-саттық артып келеді. 2024 жылы өзара тауар айналымы 10%-ке артқан. Сонымен қатар көлік-транзиттік ынтымақтастық та орнаған.

Чэнь Дуньян, Халықаралық байланыс орталығының жетекшісі:

- Чунцин мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Логистикалық, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланыс бар. Мәселен, біздің қаладан Еуропаға теміржолмен жіберілетін жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Біз үшін ынтымақтастықты бұдан әрі де нығайта түсу аса маңызды.

Қытайдың ең ащы тағамдары осы жерде әзірленеді. Әсіресе, Чунцин хогосы аса танымал. Тағы бір қызықты дерек: халқы етті көп жейтін қала ретінде саналады. Чунциндықтар жылына 10 миллион тонна ет жейді екен.

Азық-түлік те арзан емес. Жазда ауа температурасы 50 градусқа дейін ысиды. Ал жаңбыр маусымында қауіп артады. Таулы аймақ болған соң сел жиі жүреді. Кейінгі жарты ғасырда бірнеше рет лай көшкіні тіркелген. Ал, 2020 жылы апат салдарынан 30-дан астам адам көз жұмып 10 мыңға жуық адам эвакуацияланған көрінеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын