Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестті 210 мыңнан астам талапкер тапсырды. Оның нәтижесі шықты , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің шамамен 76,5%-ы тестті қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, ал 149 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Оларға негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді және грант тағайындау конкурсына үздік нәтижемен қатыса алады. Осылайша, 210 мың талапкер ҰБТ-ны жалпы 381 мың рет тапсырған.
Тестілеу қорытындысы бойынша шамамен 161 мың талапкер шекті балл жинаған, бұл жалпы қатысушылардың 76 пайызына тең. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы – 69 балл.
Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Мұндай нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек есімді талапкер ҰБТ тапсырудың алғашқы аптасында көрсетті. 130 балдан жоғары жинағандар саны – 598 адам.
"Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. ҰБТ-ға ерекше қажеттіліктері бар 681 талапкер қатысты. Министрлік өкілдерінің айтуынша, электронды форматтағы ҰБТ-да апелляцияға өтініш беру үдерісі ыңғайлы түрде жүзеге асырылады. Егер талапкер тестілеу нәтижесімен келіспесе, бірден электронды түрде апелляцияға өтініш бере алады. Биыл апелляцияға 92 мыңнан астам өтініш берілді, оның ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты шағымдар қанағаттандырылды", – делінген хабарламада.
Республикалық апелляциялық комиссия өз жұмысын аяқтады, ал талапкерлер сертификаттарын жеке кабинетінен ала алады.
ҰБТ өткізу кезеңінде қанша құқықбұзушылық тіркелген?
ҰБТ өткізу кезеңінде 711 құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Ең жиі кездескен жағдайлар — тыйым салынған құрылғыларды, яғни смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққаптар мен шпаргалкаларды алып өтуге тырысу. Осы себептермен 326 талапкер тестілеуден өте алмады. Тестілеу барысында 380 қатысушы аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды. Қосымша түрде бейнежазбаларды талдау нәтижесінде тағы 5 адамның нәтижесі жойылды.
Бейнежазбаларды талдау жұмыстары осы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады. Бұл барлық қатысушылар үшін нәтижелердің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!