Экономикадағы жоғары мөлшерлемелер аясында билік ипотека беру шарттарын қайта қарау қажеттігін алға тартты. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ұзақмерзімді тұрғын үй несиелері қазақстандықтар үшін неге қолайсыз екенін түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды пайдалануды ұсынды.
Оның айтуынша қазіргі базалық мөлшерлеме кезінде нарықтық ипотека халықтың қалтасына ауыртпалық түсіреді. Базалық мөлшерлеме 16,5%-дан жоғары болған кезде ипотекалық мөлшерлеме 20%-дан жоғарылайды. Бұл — орасан артық төлем. Сондықтан бірінші халықтың төлем қабілетіне назар аударылуы керек.
Осыны ескере келе Қаржы нарығын реттеу агенттігі ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемені 20% -ға дейін шектеуді ұсынды. Бұл идеяны Ұлттық банк қолдады.
«Не өзгеруі мүмкін?» деген сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Бірақ жаңа шарттар қайта қаралып жатыр. Оның ішінде — ең төменгі бастапқы жарнаны арттыру және қарыз алушының табысын қатаң тексеру талаптары бар.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме мен коммерциялық ипотека пайызы арасынан халықтың қалтасы көтере алатын балансты табуға уәде беріп отыр.