Аманжол Әлтай премьер-министр Олжа Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі жылқы шаруашылығына қатысты бірқатар мәселе көтеріп, "Тұлпар күні" ұлттық мерекесін ресми түрде бекітуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аманжол Әлтайдың айтуынша, Қазақстанда жылқы шаруашылығы саласында қолға алатын бірқатар мәселе бар.

"Еліміз жыл сайын 160 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, ішкі нарықтың өзінде сату жүйесі реттелмеген. Шетелдерден сапасыз арзан ет импорттауға мәжбүрміз. Бие сүті мен қымыз жай ғана дәстүрлі сусын емес, денсаулыққа шипасы мол функционалдық тағам. Сондықтан бие сүтін өңдейтін кәсіпорындар ашып, шетелге экспорттау маңызды міндет", — деді ол.

Депутат кадр мәселесіне де тоқталды.

"Шабандоз, атбегі, тағашы, ипполог-ветеринар, зоотехник-коневод, атқа міну нұсқаушысы сынды негізгі мамандықтар бойынша елімізде жүйелі білім беру әлі жолға қойылмаған.

Колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы бөлімдер ашу, мемлекеттік гранттар бөлу қажет.

Жас ұрпақ арасында жылқы мәдениетін насихаттау стратегиялық маңызы бар міндет. Қазіргі мектеп бағдарламаларында жылқының қазақ мәдениетіндегі, тарихындағы орны жүйелі түрде қамтылмаған. Осы орайда мектеп бағдарламасына жылқының анатомиясы, күтімі, ерекше қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізу керек.

Қазіргі ипподромдардың көбі жаңартуды қажет етеді, кейбір өңірлерде мүлдем жоқ. Осыған байланысты өңірлерінде кемінде бес заманауи ат спорты кешенін салу қажет", — деді ол.

Депутат ұлттық ат спорты ойындарын этнофестивальдермен үндестіру, ауылдар мен шағын қалаларда клубтық инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте ол ел ішінде республикалық көшпенділер ойынын жыл сайын әр аймақта кезекпен дәстүрлі өткізуді ұсынды.

Сондай-ақ Аманжол Әлтай иппотерапияның маңыздылығын айтып, елімізде "Тұлпар күні" деген арнайы датаны бекітуді ұсынды.

"Иппотерапия ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғылыми тұрғыда дәлелденген тиімді оңалту әдісі. АҚШ, Германия, Канада сияқты елдерде бұл тәжірибе ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген. Зерттеулер көрсеткендей, атқа міну, аутизм, ДЦП және басқа да неврологиялық диагноздармен өмір сүретін балалардың қозғалыс координациясын, сөйлеу және эмоционалдық дамуын едәуір жақсартады.

Осыған байланысты иппотерапияны ТММК және МӘМС пакеттеріне енгізіп, мамандар даярлап, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет.

Бұл инклюзивтік қоғам құруға жасалған нақты қадам.

Жылқының қазақ тарихындағы рөлін символикалық тұрғыдан мойындау уақыт талабы.
 Көптеген мемлекетте жылқыға арналған ұлттық күндер бар. Қазақстанда да "Тұлпар күні" деп арнайы датаны бекітуді ұсынамын.

Жылқы тек тарихи мұра емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицина салаларының, ұлттық идиологияның толыққанды бір бөлігіне айналуы тиіс", — деді ол.