Білікті азаматтардың шекара асып, шетке кетуі бүгінде жаһандық мәселеге айналды. Қоғам үшін бұл – қауіпті үдеріс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында осы мәселені көтеріп, дабыл қағуы бекер емес. «Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет», деді Президент. Сондықтан дер кезінде жүйелі стратегия құру аса маңызды. Бұл үдерістің себебі, салдары, білікті мамандарды елге қайтару турасында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Бауыржан Боқаев және «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрболат Тоқтамыс пікір білдірді.
– Шетелде білім алған түлектердің елге оралу көрсеткіші қандай?
Әділ Құсманов:
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған түлектердің 98%-дан астамы елге оралып, бағдарлама шеңберіндегі өз міндеттемелерін орындап жатыр. Ал ережені бұзған 2% түлекпен талапқа сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Бағдарлама түлектері ақпараттық технологиялар, агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, инженерлік ғылымдар, биотехнология, жасанды интеллект, білім беру, мемлекеттік басқару, мәдениет пен өнер, энергетика, қаржы және өзге де басым салаларда табысты еңбек етіп жүр. Әлемнің үздік университеттерінде білім алған «Болашақ» стипендиаттары еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олар шетелден алған заманауи білім мен тәжірибені, инновациялық идеялар мен халықаралық стандарттарды енгізу арқылы Қазақстанның негізгі салаларының жаңғыруына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр.
– Еліміздегі интеллектуалды миграцияның негізгі себебі қандай? Неге білікті мамандар шет елді таңдайды?
Бауыржан Боқаев:
– Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, еліміздегі интеллектуалды миграцияның басты себебі – экономикалық және кәсіби факторлар. Ең алдымен, бұл жалақы деңгейіндегі айырмашылық пен мамандық бойынша жұмыс табу мүмкіндігінің шектеулігіне байланысты. Мысалы, біз жүргізген сауалдамаға қатысқан отандық түлектердің 67 пайызы шетелде жұмыс істеуге жоғары жалақы мен қолайлы еңбек жағдайы үшін баратынын айтқан. Ал 59 пайызы ел ішінде кәсіби өсу мен дамуға мүмкіндік аз екенін, еңбек нарығындағы жоғары бәсекелестік олардың шетелге кету шешіміне әсер еткенін мәлімдеген.
Бұдан бөлек, әлеуметтік зерттеу қорытындыларына сәйкес, жастардың шамамен 30 пайызы тұрақты өмір сүру деңгейінің төмендігі мен әлеуметтік кепілдіктердің әлсіздігін басты себеп ретінде атаса, 25 пайызы кәсіби өсу мүмкіндігінің шектеулігінен шетелге көшуге ниетті екенін көрсеткен. Жалпы алғанда, бұл деректер еліміздегі интеллектуалды миграцияның тамыры экономикалық теңсіздік пен кәсіби даму мүмкіндігінің жеткіліксіздігінде жатқанын көрсетеді.
– Шетелден білім алған жастар елге келгенде қандай қиындыққа жиі тап болады?
Нұрболат Тоқтамыс:
Көптеген жас елге оралғанда жүйесіздікке һәм мәдени бейімделу мәселелеріне тап болады.
Мәселен, халықаралық стандарттағы идеяларды жергілікті жүйеге енгізу кезінде бюрократиялық кедергі жиі кездеседі. Бұдан бөлек, кейде жас мамандардың дауысы мен бастамасы еленбей қалуы олардың әлеуетін толық ашуға кедергі болады. Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан, елге қайтқан әр жас – өзгерістің бастауы. Егер оларға қолдау көрсетілсе, бұл толқын елдің интеллектуалды дамуына нақты серпін береді.
– Шетелде қалып қою мүмкіндігі болған шығар. Бірақ сіз елге оралуды таңдадыңыз. Бұл шешімге не түрткі болды?
Нұрболат Тоқтамыс:
– Иә, расында, шетелдік компанияға жұмысқа орналасып, шетелде қалу мүмкіндігі болды. Өзім Ұлыбританиядағы Уорвик университетінде білім алдым. Ол жақтағы оқу мені расымен таңғалдырды. Дәрістерді аудиториядан тыс, яғни орманда, фабрикада, музейде өткізу тәжірибесі бізді әдеттегі ойлау шеңберінен шығарды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан дәріс тыңдадық, BBC-де ғылыми журналист ретінде тәжірибе жинадық. Осының бәрі зерттеушілік, коммуникация, бірлесе жұмыс істеу және мәселені шешу қабілетімді жаңа деңгейге көтерді. Дегенмен мен үшін ең маңыздысы алған білім мен озық тәжірибені өз елімнің жастарының дамуына бағыттау болды. Қазірде еліміздің білім саласы өте қарқынды дамуда, алайда жаңа көзқарас пен заманауи әдістер қажет. Сол себепті елге оралып, мектеп деңгейінде сапалы STEM және химия білімін дамытуға, жастардың ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуды мақсат еттім.
– Қазірде «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқытуда қандай мамандыққа басымдық беріліп отыр?
Әділ Құсманов:
– 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел үшін стратегиялық маңызы бар инженерлік-техникалық және медициналық мамандарды даярлауға бағытталды. Ел экономикасының болжамды сұранысына сай, стипендиялардың кемінде 60 пайызы жаратылыстану-техникалық бағыттарға бөлінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2030 жылға қарай елімізге шамамен 530 мың инженер қажет болады. Бұл – жалпы кадрлық қажеттіліктің 60 пайыздан астамын (883 мыңнан астам маман) құрайды.
Қазіргі уақытта инженерлік бағыттарға бөлінетін стипендия үлесі тұрақты өсіп келеді: 2021 жылы бұл көрсеткіш 44,5 пайыз болса, 2025 жылы 70 пайыздан асып отыр.
Сонымен қатар елімізде атом энергетикасын дамыту мен алғашқы атом электр стансасын салуға дайындық аясында осы салаға мамандар даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Осы мақсатта 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде атом энергетикасы саласы бойынша 20 арнайы стипендия бөлу жоспарланған.
– Білікті мамандарды елге қайтару үшін Халықаралық бағдарламалар орталығы қандай қолдау шараларын жасап отыр?
Әділ Құсманов:
– Мемлекет «Болашақ» түлектерін елге күштеп қайтарумен айналыспайды. Бағдарлама еріктілік қағидатына негізделген. Яғни әрбір стипендиат Қазақстанда еңбек өтеу жөніндегі өз міндеттемесін жеке шарт арқылы қабылдайды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 280-нен астам жұмыс берушімен тұрақты әріптестік орнатқан.
Түлектердің еңбек нарығына бейімделіп, жұмысқа орналасуын қолдау мақсатында Орталық түлектердің өтініші бойынша әлеуетті жұмыс берушілерге түйіндемесі қоса берілген ұсыным хаттар жолдайды. Сондай-ақ жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес бос орындарға түлектерді іріктеу жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, түлектерді өзекті бос жұмыс орындары туралы электронды пошта арқылы хабардар етеді әрі «Facebook» желісіндегі жабық «Bolashaq Talent Management» тобында тиісті ақпарат жариялайды. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп онлайн-вебинарлар өткізіп, мансаптық өсу мен еңбек ету мүмкіндіктері туралы ақпарат береді. Және «Болашақ» түлектерін жұмыспен қамту мақсатында ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту және ынтымақтастық жөнінде меморандумдар жасасады.
Қазір шетелде білім алып жатқан стипендиаттар мен әлеуетті жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту бағытында жаңа жұмыс басталды. Бұл бастама аясында студенттердің дипломдық және ғылыми зерттеу тақырыптарын Қазақстан экономикасының нақты секторы мен еңбек нарығының сұраныстарымен сәйкестендіру көзделген. Мұның басты мақсаты – болашақта түлектердің елімізде жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту.
– «Brain Gain» бағдарламасының басты миссиясы – білікті кадрларды елге қайтару. Осы бастама табысты болуы үшін не істеу керек?
Бауыржан Боқаев:
– Мемлекет кәсіби мамандарды елге қайтару және оларды ел ішінде ұстап қалу үшін нақты әрі жүйелі саясат жүргізуі қажет. Бұл бағытта «brain gain» – яғни білім мен тәжірибенің елге қайту үрдісін қалыптастыру маңызды. Мұны жүзеге асыру үшін талантты мамандарды тартуға және олардың елге тұрақтауына мүмкіндік беретін арнайы гранттар, стипендиялар мен мәртебелі шақыру бағдарламалары енгізілуге тиіс. Сонымен қатар шетелде білім алып немесе тәжірибе жинаған отандастарымызға ғылыми зерттеу жобаларына қатысуға, стартаптар мен инновациялық бастамаларды дамытуға жағдай жасау қажет.
Инновациялық технологиялар мен жоғары технологиялы өндірістерге инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіби өсім мен үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін құру – ел ішінде мамандарды ұстап қалудың негізгі тетігі бола алады. Бұған қоса, кәсіби ынталандыру мен әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, мамандардың отбасылық және тұрмыстық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.
Айта кету керек, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы да осы жолда жаңашыл қадамдар жасап келеді. Академия шетелде жүрген қазақстандық мамандардың әлеуетін жоғалтпай, оларды қашықтан мемлекеттік және ғылыми жобаларға тарту тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл – географиялық қашықтыққа қарамастан, ел игілігі үшін кәсіби білімі мен тәжірибесін пайдаланудың жаңа тәсілі. Осылайша, мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, кәсіби мамандардың елде қалуына және шетелде жүргендердің отанына қайта оралуына мүмкіндік береді.
Нұрболат Тоқтамыс:
– Бағдарламаның табысты болуы үшін ең алдымен елге оралған мамандарға жүйелі қолдау қажет. Бұл тек қаржылай емес, кәсіби орта мен мүмкіндіктер тұрғысынан да маңызды.
Біріншіден, халықаралық тәжірибесі бар мамандарға зерттеу және инновациялық экожүйе қалыптастыру керек. Өйткені олар өздерінің ғана емес, сол ортадағы өзге мамандардың да бірге өсуіне арқау болатын үлкен күш.
Екіншіден, университет пен мектепте шетелде оқыған түлектердің тәжірибесін пайдалану тетіктерін енгізу маңызды. Бұл бағытта ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстар көп, бірақ жүйелілік қажет.
Үшіншіден, елімізге тартылатын шетелдік кадрлардың орнына, шетелде оқып, тәжірибе жинақтап келген өз мамандарымызды қою маңызды. Егер Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік мамандарға жасалатын қолайлы жағдай мен жоғары еңбекақыны өз еліміздің шетелден оралған азаматтарына да ұсынсақ, онда көптеген білікті кадрдың елге қайтуына нақты ынталандыру болар еді деп ойлаймын.
Дайындаған –
Бекзат ҚҰЛШАР,
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»