Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды.
«Шешім негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдер теңгерімінің бағалауы негізінде қабылданды», делінген банк хабарламасында.
Келесі жоспарлы шешім 2025 жылғы 10 қазанда жарияланады.
Төлемді кешіктіргендерге несие берілмейді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) жаңа қаулысына сәйкес, айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтармен табысының жартысынан астамы қарыз төлеуге кететіндерге жаңа несие берілмейді. Сондай-ақ банктен алған қарызын 30 күнге, микроқарызын 1 күнге кешіктіргендерге, кейінгі 3 жылда төлемді кешіктіріп жасағандарға да несие рәсімдеу қиынға соқпақ.
ҚНРДА мәліметінше, жаңа талаптар шамадан тыс қарыздануды азайтуға, тәуекелі жоғары қарыз алушыларды шектеуге бағытталған. Қазір халықтың жалпы несие қарызы 24 трлн теңгеден асып отыр.
Үлестік құрылыс ережелері өзгерді
Биыл 31 тамыздан бастап тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Тұрғын үй Компаниясы (ҚТК) мәліметінше, жаңа ережелер үлескерлер құқығын қорғауға және құрылыс салушылар үшін қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған.
ҚТК енді тек көппәтерлі үйлерге емес, 5 қабатқа дейінгі аз қабатты тұрғын үйлерге, кемінде 50 үйден тұратын коттедж қалашықтарына да кепілдік береді. Компания өкілдері бұл үлескерлердің сенімін арттырып, тұрғын үй жобаларына қатысуды қауіпсіз ететінін айтады.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»