Жемқорлық – қоғам мен мемлекеттің дамуын тежейтін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Әлемнің әр елінде бұл қылмысқа қарсы қолданылатын жазалар әртүрлі. Қытайда жоғары лауазымды шенеуніктердің пара алғаны үшін өлім жазасына кесілуі – жиі кездесетін тәжірибе болса, Қазақстанда ең ауыр жаза – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу болып саналады. Бұл айырмашылық екі елдің жемқорлықпен күрестегі тәсілдері мен құқықтық жүйесінің ерекшелігін айқын көрсетеді.

Жемқорлыққа қарсы заңдардағы айырмашылықтар қандай? Caravan.kz тілшісі анықтап білді.

Қытайдағы іс: 44 миллион доллар пара алған шенеунік

Қытайдың Гуйлинь қаласындағы сот Хайнань провинциясы Халық жиналысы Тұрақты комитетінің бұрынғы төраға орынбасары Лю Синтайды өлім жазасына кесті. Орталық телеарна (CCTV) хабарлағандай, экс-шенеунік 316 миллион юань (шамамен 44 миллион доллар) көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Істің мән-жайы

Тергеу барысында анықталғандай, Лю Синтай 2003 жылдан 2024 жылға дейін Шаньдун және Хайнань провинцияларында түрлі жетекші қызметтер атқарған кезде өз өкілеттігін жеке пайдасына пайдаланған. Ол коммерциялық құрылымдар мен жекелеген адамдарға:

-мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге,

-мансаптық өсім алуға,

-бюджет қаражатын иеленуге көмектескен.

Ал оның қызметінің «ақысы» ретінде пара түрлі жолдармен, атап айтқанда, тікелей немесе делдалдар арқылы беріліп отырған.

Үкім мен жеңілдететін мән-жайлар

Сот Лю Синтайды өлім жазасына кесіп қана қоймай, оның барлық мүлкін тәркілеуге және саяси құқықтарынан айыруға шешім қабылдады. Алайда, бірқатар жеңілдететін мән-жайларға байланысты үкімнің орындалуы екі жылға кейінге қалдырылды:

  1. Қылмыстардың кейбірі соңына дейін іске аспаған;
  2. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді;
  3. Тергеуге белсенді көмек көрсетті;
  4. Заңсыз алынған қаражатты өз еркімен қайтарды.

Сот процесінің барысы

Сот ісі 2025 жылдың 29 мамырында басталып, ашық түрде өтті. Оған заң шығарушы органдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты. Үкім 26 тамызда жарияланды.

Бұл жағдай Қытайда алғашқысы емес. Бұған дейін, 2024 жылдың қарашасында Гуандун провинциясы Халық конгресі Тұрақты комитетінің бұрынғы төраға орынбасары Чэнь Цзицин де жемқорлық үшін өлім жазасына кесілген болатын.

Чэнь Цзициннің ісі

2002–2017 жылдары ол Цзянмэнь қаласының партия хатшысы және кейіннен Гуандун провинциясы Халық конгресі Тұрақты комитетінің төраға орынбасары қызметтерін атқарды. Осы кезеңде ол компаниялар мен жекелеген адамдарға жылжымайтын мүлік жобаларын алуға және жер телімдерін бөлуге көмектескен.

2003–2020 жылдары Чэнь заңсыз жолмен 278 миллион юаньнан астам (38,4 млн доллар) ақша мен мүлік алған. Сот ған да өлім жазасы екі жылға кейінге қалдырылған түрде тағайындалды.

Қазақстандағы заң: өлім жазасы алынып тасталды

Қазақстанда аса ірі көлемде пара алғаны үшін жазалау жүйесі мүлде өзгеше. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, айыпты адамға пара сомасының 70-тен 80 есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Немесе ол 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айырылады.

Алайда Қазақстанда өлім жазасы мүлде жоқ.

Өлім жазасына мораторий

2003 жылғы 17 желтоқсанда Қазақстанда өлім жазасына мерзімсіз мораторий енгізілді. Содан бері ең қатаң жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылды. 2021 жылдың 29 желтоқсанында Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстен өлім жазасын толық алып тастайтын заңға қол қойды. Осылайша, ел заңнамасында ең ауыр жаза ретінде тек өмір бойына бас бостандығынан айыру қалдырылды.

Халықаралық құжаттарға қосылу

2022 жылы Қазақстан БҰҰ-ның өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық хаттамасына қосылды. Бұл шешім халықаралық деңгейде елдің міндеттемесін нақтылады. 2022 жылғы референдумнан кейін Конституцияға енгізілген өзгерістерде өлім жазасына түпкілікті тыйым салынды:

«Адамды өмірінен өз еркімен айыруға болмайды. Өлім жазасын қолдануға тыйым салынады».

Қытай жемқорлыққа қарсы күресте ең қатал әдісті – өлім жазасын қолдануды жалғастырып отыр. Бұл тәсіл қоғамға қорқыныш пен қатаң бақылау арқылы ықпал етуді көздейді. Ал Қазақстан, керісінше, адам құқықтарын қорғау мен халықаралық міндеттемелерді сақтауды алдыңғы орынға қойды. Өлім жазасын алып тастау арқылы еліміз жазалау жүйесін ізгілендірді. Сөйтіп, Қытай мен Қазақстанның заңнамасы пара алу мәселесінде екі түрлі жолды таңдады: бірі – қатал жазамен қорқыту, екіншісі – құқықтық нормалар мен халықаралық стандарттарға сай реформалау.