“Sadaq aty” республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясына жаңа президент тағайындалды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Федерацияның әлеуметтік желідегі парақшасындағы ақпаратқа сенсек, бұл қызметке депутат Нартай Аралбайұлы тағайындалды.

2023 жылдан бастап федерация президенті лауазымын атқарған Мұқатаев Айдос Зиядұлының қызметтен кетуіне байланысты, 2025 жылдың 28 тамызынан бастап жаңа президент тағайындалды.

Сәрсенғалиев Нартай Аралбайұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Шапағат» медалімен марапатталды (2021 ж.), БАҚ саласында Қазақстан Республикасының Президенті грантының иегері, ХХІ халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, «Тұмар» сыйлығының 2 мәрте иегері.

“Нартай Аралбайұлы, спорт федерациясының президенті лауазымына тағайындалуыңызбен шынайы ықыласпен құттықтаймыз!

Сіздің бұл мәртебелі қызметке келуіңіз – еліміздегі спорт саласының жүйелі дамуына, халықаралық стандарттарға сай ілгерілеуіне тың серпін беретініне нық сенім білдіреміз.

Қоғам игілігі жолындағы бұл аса жауапты миссияңызда қажымас қайрат, салиқалы шешімдер, биік жетістіктер мен толымды табыстар тілейміз. Еліміздің спорт саласының дамуына қосар үлесіңіз баянды болып, абырой-беделіңіз әрдайым биіктей берсін!”, — делінген федерацияның әлеуметтік желідегі парақшасында.