Абайдың 180 жылдық мерейтойы Францияда да тойланды. Ренн қаласының тұрғындары мен «Ренн-Алматы» бауырластығының өкілдері шаһардағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хакімнің рухына тағзым етті. «Алматы» саябағындағы Абай ескерткіші 2016 жылы ашылған. Ұлы ойшылды француздарға танытып, мүсінін Бретань жерінде орнатуға осы елдегі жерлесіміз, дәрігер, әрі «Ренн-Алматы» бауырластығының президенті Жанар Төребаева көп үлес қосты. Ол мерейтойға орай Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған конференция ұйымдастырып, жиналғандарға дана Абайдың даралығы жайлы кеңінен баяндады. Қала тұрғындары қазақ ақынының француз тіліне аударылған өлеңдерін оқып, «Қансонарда бүркітшi шығады аңға» деген атпен өткен көрмені тамашалады.

Жанар Төребаева, Авард, «Ренн-Алматы» бауырластығының президенті, дәрігер:

Осы мерейтоймен халқымды құттықтай отырып, Абай атамыздың өз халқын, басқа халықтарды сыйлап, достыққа шақырған екінші қара сөздерінің мәнін терең түсініп бейбітшілікке шақырғанын жүрегімізде сақтайық. Ал жастарды Абай атамыздай ғылымды сүюге, білімге құштар болуға, еңбекқорлыққа шақырайық. Құрметті қазақ халқы, баршаңызға денсаулық, отбастарыңызға қуаныштар, туған еліме бейбітшілік тілеймін.

Нұрсұлу Қасым