ЖИ көптеген салалар мен мамандықтарға әсер етпек .

Amazon компаниясының бас директоры Энди Джесси жасанды интеллект енгізілуіне байланысты компания қызметкерлерін біртіндеп қысқартатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖИ көптеген салалар мен мамандықтарға әсер етпек. Бұл пікірді өзге сарапшылар да қолдайды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұған дейінгі технологиялық серпілістер кезінде көбінесе біліктілігі төмен жұмысшылар, яғни, көк жағалылар зардап шеккен еді. Ал енді жасанды интеллекттің дамуы жоғары білімді мамандарға «ақ жағалыларға» қауіп төндіруі мүмкін. АҚШ-та жүргізілген зерттеулерге сәйкес, ақпарат жинау және талдау саласындағы кәсіптер, атап айтқанда веб-әзірлеуші, техникалық құжаттар құрастырушы немесе бухгалтер сынды мамандықтар тәуекел аймағында.

Ал керісінше, қол еңбегі басым және автоматтандыруға қиын кәсіптер, құрылысшы, тәрбиеші, өрт сөндіруші секілді мамандықтар әзірге қауіпсіз саналады.

Еңбек нарығы бойынша сарапшы Энцо Вебер DW арнасына берген сұхбатында ЖИ жетістіктері жұмыссыздықты емес, жаңа мүмкіндіктерді арттыратынын айтты.

«Жасанды интеллект жұмысты түбегейлі жоймайды, тек оның сипатын өзгертеді», — дейді Вебер.

Гарвард университетінің экономистері де бұл пікірді қуаттап, автоматтандыру кей тапсырмаларды жеңілдетіп, кейбір салаларда тіпті жаңа жұмыс орындарын ашатынын алға тартады. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) болса, дамыған елдердегі жұмыс орындарының 60%-ына ЖИ әсер етеді деп болжайды: оның жартысы жағымсыз, ал жартысы оң нәтижемен.

Жасанды интеллект кейбір кәсіптерді өзгертеді немесе алмастырады, бірақ бұл жаппай жұмыссыздыққа алып келмейді. Ең бастысы бейімделу, жаңа дағдыларды меңгеру және қайта оқуға дайын болу.