НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте The New York Times газетіне берген сұхбатында Ресей Қытайдың өтініші бойынша Солтүстік Атлантика альянсы аумағына шабуыл жасауы мүмкін екенін жоққа шығармады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
"Егер Қытай Тайваньға қатысты күш қолдануға шешім қабылдаса, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путиннен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайдан назарды басқа жаққа бұру үшін НАТО аумағына шабуыл жасауды сұрауы мүмкін", — деп түсіндірді Рютте.
Альянс басшысының пікірінше, мұндай сценарийдің ықтималдығы артып келеді. Осыған байланысты ол Қытай мен Ресейді тежеу үшін екі негізгі қадам қажет екенін айтты. Соның бірі — Батыс альянсының ұжымдық күш-қуатын арттыру.
"Бұл Ресейдің ешқашан шабуыл жасамауы үшін маңызды", — деді ол.
Екінші міндетті шара ретінде Рютте Үнді-Тынық мұхиты аймағымен қорғаныс өнеркәсібі және инновациялар саласында бірлесіп жұмыс істеуді атады. Мұндай әріптестікті АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған әкімшілік белсенді түрде ілгерілетіп отыр.
"Біз үлкен геосаяси сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл — ең алдымен, Ресей. Ол кейінгі уақытта бұрын-соңды болмаған қарқынмен қалпына келіп жатыр. Қазір олар үш айда НАТО-ның барлық мүшесі бір жылда шығаратын оқ-дәрінің үш есе көп мөлшерін өндіріп жатыр", — деді альянс басшысы.
Қытай ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы соғысында бейтарап позицияны ұстанатынын мәлімдеп, бейбітшілікке шақырып келеді. Алайда Пекин Мәскеумен тығыз байланыста. Владимир Путин мен Си Цзиньпин бірнеше рет кездесіп, 2022 жылғы ақпанда — Ресей Украинаға басып кірерден үш апта бұрын — шектеусіз стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған. Қытай — Ресейдің ең ірі сауда серіктесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!