Ауыл мамандарының біліктілігін арттыру басты назарға алынды. Қазақстан каратэ федерациясы «Ауыл спорты» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі бапкерлер мен төрешілердің басын қосып, арнайы семинар өткізді.
Алматыдағы жиынға Азия каратэ федерациясының төрешілер алқасының төрағасы Мансұр әл Сұлтан мен Азия каратэ федерациясы төрешілер алқасының мүшесі Джабер әл Зааби арнайы келіп, отандық мамандармен тәжірибе алмасты. Каратэ WKF-тің соңғы талаптары мен жаңа ережелері түсіндірілді. Бұған қоса, жуырда ғана Мемлекет басшысы қол қойған спорт туралы заңның тетіктері талқыланды. Айта кетейік, «Ауыл спорты» жобасы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның аясында каратэні кеңінен насихаттау мен дамытуға қатысты кешенді жұмыстар қолға алынды. Тағы бір айта кетерлігі, бастама мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Яғни, арнайы қордың қолдауымен жүзеге асады.
Мансұр әл Сұлтан, Азия Каратэ федерациясының төрешілер алқасының төрағасы:
-Қазақстанға бірінші рет келіп тұрған жоқпыз. Бұған дейін құрлықтық және халықаралық турнирлерде болдық. Енді бұл жолы біліктілік арттыру семинарын өткізіп жатырмыз. Біздің бағдарламамыз теорияны түсіндіру, бірлесе талқылау және практикада қолдану сияқты бөлімдерден тұрады. Семинар 2 күнге созылады.