Түркістан облысы прокуратурасында жергілікті және құзыретті органдардың қатысуымен пробация саласындағы мәселелерді талқылауға арналған кеңейтілген мекемеаралық жиналыс өткізілді.
Бұған дейін пробация қызметінің жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету және туындаған проблемаларды шешу мақсатында бірнеше бағыттар ұсынылып, олардың негізінде «Жол картасы» қабылданған болатын. Бұл құжат әрбір құзыретті органның нақты міндеттерін айқындап, қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, пробация есебіндегі азаматтардың отбасын қолдауға арналған Меморандум қабылданып, оның аясында нақты шаралар іске асырылуда.
Осы қабылданған шаралардың нәтижесінде Келес аудандық әкімшілігі пробация қызметіне бір қызметтік жеңіл автокөлік бөлді. Сонымен қатар, 30 жаза өтеуші өз кәсібін бастауы үшін 1,6 миллион теңгеден қайтарымсыз гранттар алды, ал 55 адам «Бастау бизнес» сертификатымен марапатталды. Облыста қазіргі таңда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істеп тұр және пробация қызметіндегі азаматтарды бақылауға арналған 502 электрондық браслет сатып алуға қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, аса ауыр әлеуметтік жағдайға ұшыраған, шұғыл көмек пен тұрғын үймен қамтамасыз етуді қажет ететін 28 отбасы анықталды. Осы отбастардың бірі тұрғын үймен қамтамасыз етілді, ал қалғандары үшін тұрғын үйге қол жеткізгенге дейін жалдамалы тұрғын үй төлемінің 50 пайызы мемлекет есебінен өтелетін болды. Жаза өтеушілердің балаларын қолдау мақсатында жазғы маусымдық лагерьге 57 жолдама берілді.
Прокуратура жаза өтеушілерді қоғамға бейімдеуді олардың әлеуметтік ортаға қалыпты түрде қосылуына ықпал ететін маңызды шара ретінде бағалап, осындай жұмыстар қайталама қылмыстың алдын алудың тиімді жолы екенін атап өтті. Бұл бағыттағы үйлестірілген іс-шаралар қоғамның қауіпсіздігін нығайтуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.