Президент тапсырмасына сәйкес Астана су қоймасының түбі тазартылып жатыр. Ауқымды тазарту жұмыстары нысан іске қосылған 55 жылда алғаш рет қолға алынып отыр. Оған сағатына 2 мың текше метр шөгінді шығаратын жерснаряд және қуаты 900 текше метр болатын көпфункционалды техника жұмылдырылған. «Тазарту жұмыстарынан соң гидронысанның сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады», – дейді мамандар.
Жалпы биыл Астана су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Кешенді шара қазан айына дейін жалғасады. Астана су қоймасы 1970 жылдан бері елорда тұрғындарын ауызсумен қамтып отыр.
Серік Салтенов, «Қазсушар» кәсіпорны Ақмола облыстық филиалы Астана су қоймасы бөлімшесінің басшысы:
- Cу ресурстары және ирригация министрлігінің арқасында 2 жерснарядты жұмысқа қосып жатырмыз. Міне, мынау тұрған дизельдік жерснаряд. Сағатына 2 мың текше метр құм, лай тазалайды. Енді 55 жылда көп жиналған ғой. Екіншісі кішкентай. Сағатына 900 текше метр. Бұл үлкеніне алдын ала дайындап береді.