Көкпектідегі көшпелілердің көне кітапханасын естігеніміз болмаса, көрмеген едік. Әуелі естігенде таңғалғанымыз рас. Күмбезді көне кесене 1850 жылдары Көкпекті өңірінде өмір сүрген ауқатты бай Апырымнан қалған мұра деседі.
Дала кітапханасы Көкпекті ауданындағы Биғаш ауылынан 15 шақырым жерде, Апырым қыстауының аумағында орналасқан. Алты қырлы кесененің биіктігі шамамен алты метр. Сәулеті бөлек. Кісі жерлеген жердің сыртына екі метр биік тастан қорған салып, оның үстіне екі метр биіктікте ағаш діңгектер орнатылып, шатыр жабылған. Ал шатырдың үстіне биік күмбез тұрғызылған. Кесенеге керек тасты алыстан тасуға біраз күш жұмсалғанын байқауға болады. Өйткені маңайда ешқандай тұяқ түртер жоқ.
«ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Апырым бай оқымысты адам болыпты. Ол кісі оқыған кітаптарын ел игілігінен де аямапты. Өзі өмірден өтерінде ұрпақтарына кесенесі-нің шатырынан кітап қоятын орын шығарып, оған барлық кітабын киізге орап орналастыруды аманаттапты. Жаз жайлауы Алтай болғандықтан, алысқа адамдар кітап іздеп сабылмасын деп кесене шатырына дала кітапханасын салғызған. Ұрпақтары елге керекті кітаптарды киізге орап, кесене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кесенеден керек кітабын алып, қайта апарып қойып отырған», дейді жергілікті өлкетанушы, тарихшы Қайрат Мәліқаждар.
Дала кітапханасының дәстүрлі үрдісі кеңес заманында жойылған көрінеді, ал кітаптарды кім алып кеткені белгісіз. Әйткенмен, жергілікті жұрт бұл кітапханадан талай оқымысты кітап алғанын айтады.
Абай облысы,
Көкпекті ауданы