3 маусымда Лондонның әйгілі OVO Arena Wembley алаңында әлемдік музыканың аңызына айналған Лара Фабианның Voices әлемдік турнесі аясында жеке концерті өтті. Концертте Димаш Құдайберген арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті, деп жазады dimashnews.com.
Adagio атты бүкіл әлемге әйгілі әндердің бірін Лара қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен бірге орындауды жөн көрген.

"Өмірімде естіген ең әсерлі, алып, күшті дауыстардың бірі. Оның бүгін бізбен бірге ең қиын әндердің бірін орындауы бізге жасаған нағыз сый-сияпат болды", – деп Лара Димашты таныстырды.

Димаш Лараны концертімен құттықтап, үлкен қызыл раушан гүл шоғын сыйға тартты.
"Осында, сіздердің алдарыңызда тарихтың ең ұлы әншісі Лара Фабианмен бірге өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе", – деп Димаш қойылымнан кейін кеш иесіне алғысын білдірді.

Димаш пен Лара Фабианның серіктестігі – қытайлық Singer жобасында Димаштың Adagio әнін орындаған сәтінен басталған болатын. Ол осы турда 1-орын алып, көптеген көрерменнің алғысына ие болған еді. 2017 жылы Димаштың сол өнерінен кейін Лара Фабиан: Adagio құрлықтардың төрт бұрышын аралап жүр… Singer телевизиялық байқауында өнер көрсеткен Димаш Құдайбергенді шын жүректен құттықтаймыз”,- деген еді.

Әртістердің ортақ шығармашылық жолының жалғасы ретінде композитор Игорь Яковлевич Крутойдың "Любовь уставших лебедей", "Знай", "Мадмуазель Хайд" әндері болды.

Димаштың Лондондағы Stranger жеке концерті 2025 жылғы 12 қарашада OVO ARENA WEMBLEY-де өтеді.