Каспий теңізінде іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстарына жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер жұмылдырылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің акваториясында тәулік бойы үздіксіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр.
"Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді", – делінген хабарламада.
Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Ведомстволардың күштері мен құралдары су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақылап, тексеруде.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, суға кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлады.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аттанды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша тапсырма берді.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
24 қыркүйек күні кешке нақтыланған деректер белгілі болды. 17 адам суға кетіп, олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімін жариялады. Тізімде 11 матрос пен аға лейтенант бар.
Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев осы қайғылы оқиғаға кінәлі барлық лауазымды тұлға заң бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева



