Тыныс — ұлттың үні
Бөлімдер
Қосшы

Қорғаныс министрлігі Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты

Қорғаныс министрлігі Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты

Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің жеке құрамы Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Бұл – қаза тапқандардың отбасылары мен қарулас жолдастары үшін ғана емес, бүкіл ел үшін ауыр қаза.

Отан алдындағы міндетін атқару кезінде өмірден өткен әскери қызметшілердің отбасыларының қайғысына ортақтасып, оларға сабыр мен төзім тілейміз.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз. Рухтары пейіште шалқысын", – делінген хабарламада.

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Бастапқыда Қорғаныс министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, суға кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлады.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аттанды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша тапсырма берді.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

24 қыркүйек күні кешке нақтыланған деректер белгілі болды. 17 адам суға кетіп, олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімін жариялады. Тізімде 11 матрос пен аға лейтенант бар.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев осы қайғылы оқиғаға кінәлі барлық лауазымды тұлға заң бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева