Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына берген эксклюзив сұхбатында мұнай тасымалдаудың балама бағыттарына қатысты сауалға жауап берді , деп хабарлайды Kazinform.
Al Jazeera тілшісі былтыр S&P Global агенттігі Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы КҚК желісі арқылы Ресейге кетіп жатқанын жазғанына назар аударып, президентке "мұны өзгерту қажет деп санамайсыз ба?" деген сауал қойды әрі "Қазақстан үшін бұл стратегиялық әлсіздік болып есептелмей ме?" деп сұрады.
"Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі, тікелей көршіміз әрі одақтасымыз екенін еш естен шығармауымыз қажет. Ресеймен араны әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз Ресейге стратегиялық серіктесіміз ретінде арқа сүйейміз, әсіресе КҚК желісіне сенім артамыз. Жақында ғана президент Путинмен телефон арқылы сөйлестім және біз КҚК желісіне қатысты мәселелерді талқылағанымызды жасырмаймын. Қазақстан мұнайын Ресей арқылы Еуропа нарығына және одан басқа жерлерге тасымалдау үшін КҚК тиімді құрал ретінде тұрақты түрде қызмет ете береді деп санаймын", — деп жауап берді Тоқаев.
Al Jazeera тілшісі сондай-ақ Тоқаевтан "Украинадағы соғыстың ықпалы және Қазақстан мұнайын аталған құбыр арқылы Еуропаға жеткізу мүмкіндігі қаншалықты маңызды екені оны алаңдатпай ма?" деп сұрады.
"Әрине біз Украинадағы ахуалды, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс біздің табиғи ресурстар мен оларды халықаралық нарыққа экспорттауға қатысты стратегиялық жоспарларымызға ықпал ететінін есепке аламыз. Дегенмен Ресей еліміздің стратегиялық серіктесі екеніне де нық сенімдіміз. Бірақ бұл бізді тек бір ғана көлік бағдарымен немесе бағытпен шектеледі дегенді білдірмейді. Сондықтан сіз Баку-Жейхан, Орта дәліз құбыр желісі сынды өзге бағыттары жайында өте дұрыс айтып отырсыз. Ал шетелге тасымалданатын немесе экспортталатын мұнай көлемі тұрғысынан алғанда, қалай десек те, басымдық КҚК-ға беріледі және ол солай болуға тиіс", — дейді президент.