АҚШ-та жүк ұшағы қаланың үстіне құлады. Әлеуметтік желіде тараған кадрларға қарағанда әуе көлігі 51 метр биікке көтеріліп, содан төмен құлдилаған.
Кейінгі дерек бойынша үш экипаж мүшесі опат болды. Тағы 11 адам жараланды. Төтенше жағдай Кентукки штатының Луисвилл қаласында болған. Апат маңында бірнеше ғимарат өртенді. Жарылыс кезінде әуе көлігінің багында 144 мың литр жанармай болған. Штат билігі жақын маңдағы тұрғындарға сыртқа шықпауды ескертті. Штат губернаторы: « ұшақта қоршаған ортаға қауіп төндіретін жүк болған жоқ», — деп мәлімдеді.
Энди Бешир, Кентукки штатының губернаторы:
- Апат Ford Motor зауытының жанында болды. Компания басшылығына хабарластым. Зауыттағы қызметкерлер дін аман. Электр жарығы ғана уақытша сөнген. Қазір бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. Мұнда қызметкерлердің саны көп. Сондықтан мұнда адам шығыны болмағанына қуандық.
Ұшақ Құрама Штаттардың ірі логистикалық Ю-Пи-Си компаниясына тиесілі. Әуе көлігі 34 жыл бұрын құрастырылған. Boeing компаниясы тергеу жүргізуге көмектесеміз деп мәлімдеді. АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тексеріс бастап кетті. Луисвилл әуежайының жұмысы уақытша тоқтады. Бұл — Amazon, Walmart және АҚШ пошта қызметінің жүк тасымалын қиындатты.