Германия канцлері Фридрих Мерц: « Украинадағы қарулы операция жақын арада аяқталмайды», — деп мәлімдеді. Бұл туралы неміс үкіметінің басшысы Финляндия премьер-министрімен кездесуінде айтты.
Оның сөзінше, қарулы қақтығыс тоқтауы үшін екі жақтың әскери және экономикалық әлеуеті әлсіреуі тиіс.
«Қазір қос тарап та оған жете қойған жоқ», — дейді Мерц. Жуырда Украинаға зымырандар жеткізіп берген Германия онымен қорғану үшін ғана емес, Ресей аумағын бомбалауға да рұқсат етті.
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Шабуылға тойтарыс берумен ғана шектелсе, ешкім өз елін толық қорғай алмайды. Жауға қарсы тұру үшін оның аумағындағы әскери нысандарды жою қажет.
Сондай-ақ Еуроодақ қарт құрлықта қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Яғни, енді қару-жарақ қоры құрылады. Қорғаныс саласын нығайту жұмыстарына 150 млрд еуро бағытталады. Бастаманы ұйымға мүше 27 елдің 26-сы қолдаса, Венгрия қалыс қалған. 2022 жылдан бері Еуроодақ елдері қорғаныс саласын қаржыландыруды 30%-ке арттырған еді. «Алайда, одақ елдері бұның өзі жеткіліксіз», — деп отыр.