Қызылорда облысында биыл оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Осы мақсатқа 225 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға 172 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылып, қызықты әрі мазмұнды демалыс өткізуге мүмкіндік алады.
Биыл қызылордалық оқушылардың 98%-і жазғы демалыспен қамтылады. Қазірдің өзінде аймақта 556 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастады. Мұнда балалар үшін түрлі ойын-сауық пен танымдық шаралар ұйымдастырылып, логопед пен дефектолог кабинеттері, қосымша білім беру орталықтары да жұмыс істейді.
Айгүл Өткелбаева, №2 Абай атындағы мектептің директоры:
- Лагерімізге 1-8 сыныпқа дейінгі оқушылар қамтылады деп отырмыз. Осы жердегі балалар өзінің топтарына, жас ерекшелігіне сәйкес әр топтарда қамтылатын болады. Қазір 100 орынға дайын қойдық. Ал енді сыртқы лагерьлерге біздің мектебімізден тұрмысы төмен, отбасында қиындық көрген 200 бала бар, 5 категорияға кіретін балалардың ішінде 200 бала жазғы лагерьмен қамтылады деп отырмыз.
Биыл өңірде 8 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Жаз бойы бұл демалыс орындарында 7153 оқушы тынығады.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры арқылы Біркөліктегі «Қуаныш» балалар лагеріне 500 баланы біз демалдыратын боламыз. Одан бөлек, біз облыстағы демеушілердің, кәсіподақтардың есебінен 8453 баланы басқа аумақтағы лагерьлерде демалдырамыз. Ал Көкшетауда «Балдаурен» сауықтыру орталығы бар. Онда біздің 224 баламыз демалатын болады.
Жазғы демалыс кезінде Қызылордада балалар мен жасөспірімдерге арналған Шығармашылық және инновациялар академиясы ашылады. «Заманауи орталықта мыңға жуық оқушы тегін үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді өткізеді», - дейді мамандар.
Алтынкүл Төлегенова, Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновациялар академиясы директорының м.а.:
- Академияда 5 бағыт бойынша негізі жұмыс жүргізіледі. Үйірмелер 40--тан асады. Ол, әрине, бассейн, медиа-орталық, фото-видео студия, бейнелеу, вокал, аспаптар, қыш-құмыра, аспаздық өнер, көп үйірмелерге сұраныс көп болып тұр.
Жазғы демалыста жоғары сынып оқушылары тек тынығып қана қоймай, еңбек етіп, табыс таба алады. Олар өз еріктерімен ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылмақ. Бұл бастама облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлер арасындағы келісім аясында жүзеге асады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев