Алматыда алғаш рет көшедегі биден жарыс өтті, деп хабарлайды 24KZ. The ROOTZ Battle сахнасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген бишілер өзара үздігін анықтады. Қатысушылар breaking, waacking және open styles категориясы бойынша сынға түсті. Жеңімпаздар Оңтүстік Кореяда өтетін әлемдік жарысқа жолдама алады.

Алматыға жиналған көше бишілері breaking, waacking және open styles номинациялары бойынша жекпе-жек батл өткізді. Қатысушылардың жасы мен би стиліне шектеу жоқ. Әркім өз мүмкіндігін көрсетуге тырысты. The ROOTZ Battle-дың үш жеңімпазы ғана Оңтүстік Кореядағы әлемдік жарысқа жолдама алады. Үздіктерді анықтау үшін аталған елден арнайы әділ қазы шақырылған.

Madman, breaking және all styles бойынша әділ қазы:

- Маған бұл шараның деңгейі өте ұнады. Бұл жарыстан гөрі нағыз фестиваль секілді. Бәрі атмосфераны сезіну үшін келген. Мен ұпаймен емес, сезіммен бағалаймын. Ең бастысы би кезінде қатысушы музыкамен қаншалықты үйлесе алатыны маңызды.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары АҚШ-та пайда болған брейк-данс былтырдан бастап олимпиада бағдарламасына енді. Мұнда техника мен мінезден бөлек, ерекше стиль де маңызды. Кейде бәрін бір әрекет шешуі мүмкін. Сондықтан биші музыкамен үйлесім табуы керек.

Әсия Айешова, all styles бойынша әділ қазы:

- Әдетте біз би қабілетіне, музыканы сезінуіне, техникасына қараймыз. Бірақ жалпы би алаңындағы өзін ұстау, сенімділік те үлкен рөл ойнайды. Ал кәсіби бишілер бір-бірімен жарысқанда таңдау жасау өте қиын.

Жарысқа тәжірибелі бишілер де қатысты. Мысалы, Қостанайдан келген Ермек Мұхамбетовтің брейкинг билегеніне 20 жылдан асқан. Ол елді шетелде танытқан алғашқы бишілердің бірі.

Ермек Мұхамбетов, қатысушы:

- Жастардың белсенді қатысқанына қуанамын. Бұл өте жақсы спорт түрі. Қазір ресми түрде спорт болып танылды. Біз түрлі жарыстарға барып жүрміз. Бұрынғыдай жай билеу емес, нақты спорттық би түрі деп айтуға болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстандағы көше биіне деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Алматыдағы алғашқы іріктеуге көрші елдерден де бишілер келіп қатысты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев