«Біз есірткіге қарсымыз».
Нашақорлыққа қарсы халықаралық күрес күніне орай Талдықорғанда дәл осындай атаумен арнайы акция өтті. Ауқымды шараға жергілікті әкімдік, прокуратура мен полиция департаменті ұйытқы болды. Жастар саябағына жиналған көпшілік шеру өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттады. Қала тұрғындары үшін спорттың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылды. Ал арнайы жасақ қызметкерлері қылмыскерді ұстау және қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Кинологтар иісшіл иттердің көмегімен зиянды заттарды іздеп табуды паш етті. Сонымен қатар өнерлі жеткіншектер мен жас қылқалам шеберлерінің байқауы өткізілді.
Муниса Серікбай, оқушы:
- Есірткі қолданған адам науқас болады. Денсаулығы жаман болады. Есірткі қолданбаған адамның денсаулығы мықты күшті болады. Мен сондай сурет салдым.
Меруерт Ысқақова, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жыл басынан Жетісу облысында 54 килограмнан артық есірткі заттары тәркіленді. Шараның мақсаты жастарды салауатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру, есірткі қаупін түсіндіріп өту.