Қазақстанда жаңа мемлекеттік мереке және демалыс күні пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында айтылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың ұсынысы
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беруді ұсынған болатын.
Депутат Қазақстанда демалыс күндерін реттейтін жаңа ережелер енгізуді ұсынды. Ол демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекіту қажет деп санайды. Депутаттың сөзінше, биыл 2027 жылдың аяғына дейінгі демалыс күндерін бекітуге болады. Бұл бизнестің ұзақ мерзімді жоспар құруына, ал азаматтардың демалыс пен отбасылық шараларды алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдардың ұстанымы
Депутаттық сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді. Демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекіту ұсынысы қолдау таппады.
"Демалыс күндерін ауыстыру бойынша жұмыс алдағы күнтізбелік жылға алдын ала жоспарланады. Бұл мереке мен жұмыс күндері сәйкес келуіне, сондай-ақ, елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты анықталады. Осыған байланысты демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстырудың қолданыстағы тәртібі оңтайлы деп санаймыз", – деп жазылған жауапта.
Ал 1 маусымға мемлекеттік мереке мәртебесін беру ұсынысы министрлік тарапынан қолдау тапты.
"Бұл мереке ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл баланың психоэмоциялық жай-күйіне оң әсер етіп, отбасының жанында өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Осы айтылғандарды және еліміздегі отбасы институтын нығайту мақсаттарын ескере отырып, 1 маусым мемлекеттік мереке ретінде белгіленуі мүмкін деп санаймыз", – деп жазылған жауапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз