Алматы қаласы полиция департаменті жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында тыйым салынған заттарды анықтау және заңсыз айналымнан алу жұмыстарын күшейтті.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 681 дана пышақ, кастет, таяқша және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де заттар тәркіленді.
Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғаевбаевтың айтуынша, атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Пышақ, кастет және өзге де тыйым салынған заттарды алып жүруге заңмен қатаң тыйым салынған. Бұл үшін жауапкершілік көзделген. Әсіресе кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылып отыр. Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың қандай заттарды алып жүретінін бақылауды сұраймыз және оларды заңсыз әрекеттерге тартуға жол бермеңіздер", – деді ол.
Полицияда бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын және тұрақты бақылауда екенін атап өтті.