Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров италиялық Magister Art компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесті. Кездесу барысында құрылыс, мәдениет, креативті индустрия, туризм және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар тараптар Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін арттыру, тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау және заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан облысында соңғы жылдары атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және шетелдік инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары құрылып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономиканың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға оң әсерін тигізуде.
Аймақ басшысы сондай-ақ Түркістанның тек рухани әрі тарихи орталық қана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан туристік және инвестициялық хабқа айналып келе жатқанын жеткізді. Соңғы жылдары облыста жаңа қонақүйлер, мәдени-туристік нысандар, демалыс аймақтары мен заманауи инфрақұрылымдар бой көтеріп, ішкі және халықаралық туризмнің дамуына серпін беруде. Түркістан қаласының сәулеттік келбеті жаңарып, өңірге келетін туристер саны артып келеді.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Өңірімізде инвестиция тарту, өндірісті дамытуға басымдық берілген. Сонымен қатар туризм, мәдениет және руханият салаларын дамыту бағытында да кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан облысы бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жаңа сәулеттік жобалар мен креативті бастамаларға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдің әлеуетін одан әрі арттыра түсеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Ренато Сапорито Қазақстанға және Түркістан өңіріне жоғары бағасын білдіріп, аймақтағы даму қарқыны мен заманауи өзгерістердің ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– Уақыт бөліп, арнайы қарсы алғандарыңызға рахмет. Қазақстанға келген сайын өзімді бақытты сезінемін. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Әсіресе Түркістан өңіріндегі өзгерістер мен даму қарқыны бізді таңғалдырды. Мұнда мәдениет, тарих және заманауи технология үйлесім тапқан. Біз ұсыныстарды қарастырып, өз тәжірибемізбен бөлісуге және ұзақмерзімді әріптестік орнатуға ниеттіміз, – деді ол.
Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру, тарихи нысандарды цифрлық форматта таныту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру, шығармашылық индустрияны дамыту және жаңа медиа жобаларды іске асыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар тарихи ескерткіштерді заманауи технологиялар арқылы әлемдік аудиторияға таныстыру, виртуалды көрмелер ұйымдастыру және мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы жобаларға қызығушылық танытылды.
Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты. Мұндай бастамалар Түркістан облысының халықаралық байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени әлеуетін дамытуға және креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айта кетейік, Magister Art – цифрлық технологияларға басымдық беретін, мәдени және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін инновациялық компаниялардың бірі. Компанияның негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы насихаттау және халықаралық деңгейде кеңінен таныту. Компанияның бас кеңселері Милан және Рим қалаларында орналасқан. Сонымен қатар халықаралық операциялық бөлімшелері арқылы әлемнің бірнеше елінде жобаларды жүзеге асырып келеді. «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «IT» және «Редакциялық әрі бизнес-стратегиялар» бағыттарындағы департаменттері арқылы кешенді әрі заманауи жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады.