Астанада LRT бағыты мен тарифтері жарияланды.


Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі алдағы демалыс күндері – 16–17 мамырда ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев пресс-тур барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, LRT бойынша барлық тестілеу жұмыстары толық аяқталған. Рельстер, станциялар, байланыс желілері, басқару және қауіпсіздік жүйелері, жылжымалы құрам және авариялық сценарийлер тексерілген.

"Қазіргі уақытта эстакада бойындағы абаттандыру жұмыстары, деподағы кейбір жұмыстар және тазалау жалғасып жатыр. Бұл іске қосуға әсер етпейді. LRT жүйесі толық дайын", – деді ол.

LRT желісінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Ол елорданың негізгі нысандары арқылы өтеді: әуежай, Қабанбай батыр даңғылы, "Астана жұлдызы" стеласы, Mega Silk Way, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Үкімет үйлері, Арыс көпірі, Қалдаяқов көшесі, Ұлттық музей және "Нұрлы жол" вокзалы.

Пойыздар таңғы 06:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қатынайды. Жолақысы қолма-қол және қолма-қолсыз төлемде 200 теңге болады.

Төлем жасау тәсілдері:

  • FacePay арқылы;
  • LRT көлік картасымен (құны – 1000 теңге);
  • Visa/Mastercard банк карталарымен;
  • Apple Pay және Samsung Pay арқылы;
  • екі банктің мобильді қосымшаларындағы QR-кодпен;
  • бір реттік билет арқылы (касса немесе TVM автоматтары).

Астанада тіркелген 7–18 жас аралығындағы оқушылар мен жеңілдік санатындағы азаматтар үшін LRT қызметі тегін болады.

Желідегі қозғалысқа 15 пойыз қызмет көрсетеді (оның төртеуі резервте). Құрамдар 60 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, әр пойыз 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.


Оқи отырыңыз: 19 құрам бір уақытта: Астанада LRT жүйесі кешенді сынақтан өтіп жатыр