Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің жаңадан сайланған бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдады.
Нәлібаев президентке өнеркәсіпті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндады.
“Президентке өңдеу өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берілді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымы мен құрылыс саласын дамыту жайында айтылды”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдауды және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларын бақылауды күшейтуді де еске салды.