Сынаптай сырғыған уақыт өткен шаққа қарайлауға мүмкіндік бермейтіндей көрінеді. Әйтсе де әр онжылдықтың өз үні, өз бояуы, өз сазы бар. Көңіл пернесін дөп басқан сиқырлы саз жұрт жүрегінен де, жадынан да өшпек емес. Содан да болса керек, ертеректе әнсүйер қауымның жүрегін жаулаған әндер санамызда сайрап тұрады.
Бұл әннің де табиғатында сарқылмас сағыныштың сазы тұнып тұр десек, қателесе қоймаспыз. Тыңдарман жүрегін әлдилеген ойнақы туынды уақытында хитке айналып кеткені рас. Қайда жүрсек те құлағымызда әннің «жалын кешкен, жаным дескен» деген сөздері жаңғырып тұрса, көңілімізді «дір еткізген, шықпас естен, мөлдіреген жанарың» деген жолдары тербей жөнелетін. Бұл – ақын мен композитордың бақыты. Дүйім халық әнді жанындай жақсы көріп кетсе, бақыт емей немене?
Әлбетте, көзден ғайып болған жылдардың өзіне тән құпиясы, сезім нотасын тербеген, сергелдеңге салған кезі аз болмаса керек. Әркімнің өз жүрегінде өткенге деген мәңгілік қимастық, сағыныш ізі сайрап жататыны даусыз. Көзден бұлбұлдай ұшқан сол кезеңнің бейнесі мен бедерін жадымызда жаңғырған жырдан, әуені бөлек әннен іздейтініміз де сондықтан шығар. Өнердің құдіреті дегеніміз де осы ғой.
Уақытында «Көне Тараз» күйімен жамбылдықтардың алғысына бөленген композитор Аман Малдыбаев жазған әдемі ән жеткілікті. Әйтсе де, тұтас халық сүйсіне тыңдаған «Жалын кешкен» әнінің орны бөлек екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар.
Ойнақы әуендегі әннің түпкі айтар ойы тереңде жатса керек. Содан да болар, оны бір емес, бірнеше әнші өз бағытында жаңғыртып, жаңартып орындады. Түрлі бояудағы дауыспен халыққа жеткен ғажап шығарма әлі де болса ескірген жоқ.
«Есіңде ме әсем гүлі көктемнің,
Сыңғыр қаққан таудың ерке бұлағы.
Қызықты еді өзіңменен өткен күн,
Көз алдымда сол қалпында тұрады», деп басталатын әннің алғашқы шумағынан-ақ автордың жүрегінде мәңгілік сағыныш табы, өшпес сезім шоғы қалғанын аңғару аса қиын емес. Әркімнің жүріп өткен жолы – тағдыры. Ал тағдыр тарауында естен кетпес елеулі күн аз болмайтыны анық. Зымырандай зулаған уақыт тізбегі де сол бір, мөлдір кезеңнің естеліктерін өшіре алмақ емес. Бұл шығарманың алғашқы шумағы да соны есімізге салып тұрғандай болады.
Әдетте композиторлар көкейінде сайрап тұрған әнге ыңғайлап сөз жаздырып жатады. Әнге жазылған мәтіннің ұдайы сәтті шыға беруі екіталай. Ал Аман Малдыбаев бұл шығармасын балалар ақыны, марқұм Лесбек Сайлаубектің сөзіне жазған. Анығырақ айтсақ, әдемі ән ақын кітабындағы өлеңге арнайы жазылған екен. Содан да болса керек, тамаша туынды әлі күнге дейін түрлі сахнада жиі-жиі орындалып жүр. Сөз бен саздың үйлесімі дегеніміз осы емес пе?
«Жалын кешкен, жаным дескен,
Күндер қайда, қарағым?
Дір еткізген, шықпас естен,
Мөлдіреген жанарың»,
деп келетін әннің қайырмасы әлі күнге дейін ойымызға орала береді. Мұның өзі шығарманың тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетінін аңғарта түссе керек. Мұны өлең авторы да сезсе керек. Тірісінде «Мен жазған «Жалын кешкен» әнінің сөзін тыңдарман жаттамайды, сөз өнерсүйер қауымның санасында өздігінен жаңғырып, жатталып қалады», деп әзілдеп отыратын.
Әннің аты кейде автор қойған тақырыпты жоққа шығарып жіберетіні бар. Тыңдарман өзі қойған атау қай кезде де басым түседі. Халық есінде солай сақталады. Марқұм Лесбек Сайлаубек әуелде бұл өлеңін «Іңкәр сезім» деп атаған деседі. Алайда шығарма халыққа ән ретінде кең тараған соң өнерге аңсары ауған жұрт шығарманы «Жалын кешкен» деп атап кеткені белгілі.
Жүректегі өшпес алаудың шоғын үрлейтін шығарманың шоқтығы қашанда биік болатыны белгілі. Күллі қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алған «Жалын кешкен» әні де сол шоқтығы биік туындылар қатарында тұрса керек.