Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева тұрғындар арасында жиі кездесетін вакцинация туралы жаңсақ пікірге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, көп ата-ана аутизмді вакцинациямен байланыстырады, себебі аурудың белгілері "екпеден кейін" пайда болады деп ойлайды.
"Алайда ғылымның нақты дәлелі басқа: аутизм вакциналардан туындамайды. Бұл миллиондаған бала қатысқан ірі зерттеулер арқылы расталған", — дейді ведомстводағылар.
Дәрігерлердің айтуынша, аутизмнің алғашқы белгілері көбіне 1,5–2 жаста, яғни ревакцинация кезеңінде байқалады. Бірақ бұл – тек уақыт жағынан тұспа-тұс келген жай ғана сәйкестік.
"Маңыздысы – уақыттың сәйкес келуі себеп-салдар байланысын білдірмейді. Аутизм бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады және ми дамуының ерекшеліктерімен, генетикамен байланысты. Вакциналар бұл үдерістерге әсер етпейді — олар тек қауіпті инфекциялардан қорғайды", — дейді маман.
Министрлік мәліметінше, дәрігерлер күн сайын қызылша, көкжөтел және алдын алуға болатын басқа да аурулардың ауыр салдарын көреді. Өкінішке қарай, кейде тым кеш болады.
"Вакцинация – қауіп емес, қорғаныс", — дейді олар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз