31 мамыр – ХХ ғасырдың басында жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеліп соққан ашаршылық сипатындағы Қазақстан тарихының қайғылы беттерінің бірі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн астам адам жіберілді.

Қуғын-сүргін арқылы 100 мыңға жуық қазақстандық өтті. 20 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.

31 мамыр 1997 жылы Қазақстан Республикасының түңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді.

1993 жылы "Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау" туралы заң қабылданған болатын.

2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Ол мұрағаттық зерттеулер жүргізеді.

2022 жылы мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағы жарық көрді. Кітаптар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған.

"Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді. Арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді. Орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырады. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады", делінген Ақорда хабарламасында.

Зерттеу әрі ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.